28 қараша 2026 Астана −4° USD 458,13EUR 502,29RUB 5,58CNY 68,85

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Алматыда Сайран маңындағы құрылысқа тұрғындар қарсы шықты

Алматыда Сайран көлінің жағасында салынып жатқан төрт көпқабатты үйдің құрылысы көршілердің наразылығын тудырды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматыда Сайран маңындағы құрылысқа тұрғындар қарсы шықты
Фото: Stan.kz

Алматыда Сайран көлінің жағасында салынып жатқан төрт көпқабатты үйдің құрылысы көршілердің наразылығын тудырды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап. Жергілікті жұрт топырақ опырылып, зәулім нысандар төменге сырғып түсе ме деп қорқады.

Жұрт көктемде басталған құрылыстың кесірінен тыныштықтан айырылған. Тұрғындардың бірі Сәуле Дауылбекқызы жағалаудағы топырақтың беріктігіне күмән келтіреді.

«Одан әрі Сайран көлі орналасқанын білесіздер. Көлдің жағасы тік жар болып келеді. Бұл жерде топыраққа қандай да бір талдау, сараптама жүргізілді ме, жоқ па, белгісіз. Біз осы 12-14 қабатты үйлердің сырғып кетіп, өзіміздің үйлерімізді де бірге алып кете ме деп қатты қорқамыз”, – деді тұрғын.

Ал көрші үйде отыз жыл тұрған Нина Тютявина жұмысшылардың таңғы бесте оянып, ауыр көлікпен балалар алаңына кіретінін және терезе түбінде қой сойғанын айтып налыды. ПИК төрайымы Ұлтуар Шоқабаеваның сөзінше, құрылысшылар екі кездесу өткізсе де, қажетті қағаздарды әлі көрсетпеген. Қыркүйек айында құрылыс бақылауы бұл жерде құжатсыз жұмыс істелгенін анықтаған екен. Бірақ соған қарамастан қазаншұңқыр орнына алты қабат бой көтеріп үлгерген.

Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, компания кемшіліктерді дер кезінде түзеген. Сондай-ақ мекеме меншік иесіне сәулет-жоспарлау тапсырмасын беріп, жер асты автотұрағы бар кешеннің эскиздік жобасын мақұлдағанын айтып сендірді. Сонымен бірге тыныштықты бұзғаны үшін құрылысшыларға екі рет әкімшілік айыппұл салынған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әкімдігі тау бөктерінде жөн-жосықсыз құрылыс пен жеке виллалар салуға тыйым салынатынын ескерткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.