Байзақ ауданында белгісіз біреулер 30 жылдық қарағаштарды отап жатыр
Жамбыл облысы Көктал ауылында белгісіз біреулер 30 жылдық ағаштарды заңсыз отап жатыр. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбыл облысы Көктал ауылында белгісіз біреулер 30 жылдық ағаштарды заңсыз отап жатыр. Жергілікті жұрт полицияға дәлелдер ұсынып шағымданғанымен, бір айдан бері еш нәтиже шықпай тұр. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ағаш кесушілер кез келген талды емес, діңі жуан қарағаштарды таңдап түбінен отауда. Халық мұны отын үшін емес, жиһаз жасау сияқты кәсіптік тапсырысқа пайдаланып жатыр деп күдіктенеді. Өйткені діңгектердің әр сантиметрі есептеліп, мұқият кесілген.
Тұрғындардың бірі Оңал Өмірзақов құқық қорғау орындарының әрекетсіздігіне ашынды:
“Бұл жағдайда жеті-сегіз ағаштан артық кесілсе, қылмыстық іс қозғалуы керек. Ағаштарды кесіп жүргендердің видеосын бір ай бұрын Ішкі істер министрлігі мен учаскелік полиция қызметкеріне жібердік. Көліктің нөмірі де, куәгерлер де бар. Мұны көрген адамдар жеткілікті. Алайда әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылған жоқ”, – деді ол.
Көктал ауылдық округінің әкімі Серік Қайпұлдаев ешкімге кесуге рұқсат бермегенін, мәселені учаскелік полицейге жолдап, тексеруді күтіп отырғандарын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматының Құрманғазы көшесінде жөндеу кезінде ағаштардың түбіне бетон құйылып, қалалықтардың наразылығын тудырған еді. Жасыл желекке бейжай қарау қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.