Талғардағы ресайкл-арт: ескі амортизаторлардан динобот Гримлокқа дейін
Талғарда шебер Қуаныш Мұхамеджанов автобөлшектерден жасалған роботтар музейін таныстырды. Көрменің қалай өткенін 24.kz сайтына сілтеме жасап NewsAsia.kz хабарлайды.

Талғарда шебер Қуаныш Мұхамеджанов темір-терсек пен көлік бөлшектерінен жасалған алып роботтар музейін таныстырды. Ерекше ресайкл-арт көрмесінің қалай өткенін 24.kz сайтына сілтеме жасап NewsAsia.kz хабарлайды.
Экспозиция қалай ұйымдастырылған
Осыдан он жылдай бұрын Алматы облысының тұрғыны қолда бар заттардан алғашқы роботын құрастырып, кейін бұл әуестігін өмірлік ісіне айналдырған. Бүгінде оның топтамасында суперқаһармандар мен мультфильм кейіпкерлерінің 60-тан астам мүсіні бар. Бұйымдар шеберханада жасалады: жарамсыз болып қалған автобөлшектер мен тұрмыстық қалдықтар іске асады. Мүсіншінің туындылары шетелде де қызығушылық туғызды — Түркия мен АҚШ-тың Калифорния штатынан ынтымақтастық туралы ұсыныстар түсіп жатыр, ал кейбір экспонаттардың құны 20 миллион теңгеге дейін жетеді.
Қуаныш Мұхамеджанов
Мүсінші металға екінші өмір сыйлап, кинодағы танымал кейіпкерлерді сомдау арқылы қайталама шикізатты қайта өңдеудің мүмкіндіктерін көрнекі түрде көрсетеді.
— Бұл «Трансформерлер» фильміндегі динобот Гримлоктың мүсіні. Ол автокөлік бөлшектерінен жасалған. Мысалы, тістері ескі амортизаторлардан тұрады. Сондай-ақ тежегіш тағандары (колодка), жүріс бөлігінің бөлшектері мен түйіндері қолданылды. Негізінен автокөлік бөлшектері, — деді шебер.
Гүлбағира Қадірбаева
Бастауыш сынып мұғалімі шеберханаға оқушыларымен бірге алғаш рет келіп, жұмыстың күрделілігіне баға берді.
— Мұнда бірінші рет келіп тұрмыз. Мұнда сүйікті мультфильм кейіпкерлері қойылған. Балаларға оларды көзбен көру, жақыннан қарау және ұстап көру өте қызық болды. Өзіміз де тәнті болып отырмыз! Шебер үлкен еңбек атқарған. Осындай бейнелерді ойлап табу, металды иіп, жекелеген бөлшектерден танымал кейіпкерлерді құрастырып шығу үшін нағыз шеберлік керек, — деді ол.
Бұл ерекше музей заманауи шығармашылық пен экологияға деген көзқарастардың қаншалықты әртүрлі болатынын көрсетті. Біреулер үшін ескі бөлшектер қоқыс болып қалса, енді біреулер олардан ауқымды мүсіндер жасаудың негізін көреді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.