Астанада алкоголь сату ережесін бұзған 1 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Астана қаласында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзғаны үшін 1 023 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзғаны үшін 1 023 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық прокуратура өкілі Шерхан Шорабек мәлімдегендей, заңсыз ішімдік саудалағандардың 889-ының лицензиясы уақытша тоқтатылып, 107 адам рұқсат құжатынан мүлдем айырылды, сондай-ақ тиісті құжатсыз сатудың 249 дерегі тіркелді. Салыстырмалы түрде өткен 2025 жылы ӘҚБтК-нің 200-бабымен 908 адам жауапқа тартылып, салынған айыппұл көлемі 129,1 миллион теңгені құраған еді. Қолданыстағы заң талаптары бойынша ішімдікті 21 жасқа толмағандарға, сондай-ақ түнгі сағат 23:00-ден таңғы 08:00-ге дейін, ал күші 30 пайыздан асатын өнімді 21:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін сатуға тыйым салынады. Бұл нормаларды бұзу жеке тұлғаларға 10 АЕК, кәсіпкерлерге 120 АЕК-ке дейін айыппұл жүктеп, лицензияның тоқтатылуына әкеп соқтырады, ал заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 20 мен 180 АЕК аралығында болып, лицензия кері қайтарылады. Лицензиясыз саудамен айналысқандар ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 15-тен 30 АЕК-ке дейін, кәсіпкерлерге 150-ден 500 АЕК-ке дейінгі айыппұлмен жазаланып, тауары тәркіленеді. Қазіргі уақытта прокуратура ұсынысымен Мемлекеттік кірістер департаменті мен Полиция департаменті заңсыз сауданың жолын кесу бойынша бірлескен жұмыс тетіктерін әзірлеп, қадағалау актісін енгізді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.