Әдемі кадр үшін құстарды үркітуге болмайды: Үстірт қорығы блогерлерге ескерту жасады
Маңғыстаудағы мамандар блогерлер мен туристерден фламинго жиналатын жерлерде дрон ұшырмауды сұрады. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстаудағы мамандар блогерлер мен туристерден фламинго жиналатын жерлерде дрон ұшырмауды сұрады. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мәліметінше, ұшқышсыз аппараттардың даусы мен құстарға тым жақын ұшуы оларға ауыр тиеді. Егер мұндай әрекет тоқтамаса, қоқиқаздар келесі маусымда бұл аймаққа мүлде оралмауы мүмкін. Ұшатын құрылғылар құстарды үркітіп, тынығуы мен қоректенуіне кедергі келтіреді.
«Біз үшін бұл – бірнеше секундтық әдемі видео ғана, ал құстар үшін үлкен күйзеліс», – делінген қорық хабарламасында.
Сондай-ақ қорық өкілдері құстар шоғырланған аумақта дрон ұшыру заңға қайшы екенін ескертті. Заң талабына сай, жануарлар мен құстар көп жиналатын жерлерде ұшу аппараттарының 1 шақырымнан төмен түсуіне тыйым салынған. Бұл ереже дрондарға да ортақ және оны бұзғандар жауапқа тартылады.
Еске салсақ, бұған дейін қызыл кітапқа енген қоқиқаз балапанын құтқарып, үйіне әкелген ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевқа қатысты мәселе шыққан еді. Сол кезде оған айыппұл салынуы немесе қылмыстық жаза берілуі мүмкін екені белгілі болған, ал балапанның бірі жолда өліп қалған.
Мамандар желідегі қаралым мен лайктан гөрі табиғатты бірінші орынға қоюды сұрайды. Құстар ертең бұл жаққа қайта келуі үшін олардың тыныштығын қазірден бастап бұзбаған жөн.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.