Түркістанда «Мәдениеттер диалогы – 2026» ІІ Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр
Түркістанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған «Мәдениеттер диалогы – 2026» ІІ Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр, деп хабарлайды NewsAsia.kz Zakon.kz, Stan.kz және Kazinform агенттіктеріне сілтеме жасап.

Түркістанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған «Мәдениеттер диалогы – 2026» ІІ Халықаралық симпозиумы өтіп жатыр, деп хабарлайды NewsAsia.kz Zakon.kz, Stan.kz және Kazinform агенттіктеріне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин іс-шараға қатысушыларға құттықтау хатын жолдады. Ол өз үндеуінде Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында осындай кездесу өткізудің маңыздылығын атап өтіп, Конституцияның адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісімнің негізі ретіндегі рөліне тоқталды.
Жалпы отырысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова ашты. Ол бұл симпозиум 2025 жылы басталған халықаралық кәсіби диалогтың жалғасы екенін атап өтіп, конституциялық құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіру мәселесін көтерді.
Жиналғандар алдында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, өңірдің тарихи-рухани миссиясын, халықаралық ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың әлеуетін және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерін баяндады.
— Түркістан — ғасырлар бойы түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді тоғыстырған қасиетті мекен. Бұл қаланың тарихы мен рухани мұрасы тек халқымыздың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ қазынасы. Сондықтан бүгінгі басқосудың Түркістан топырағында өтуінің мәні ерекше, — деп атап өтті Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының әкімі жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылғы 2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін өскенін, ал өнеркәсіп өндірісі 505 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін жеткенін хабарлады. Облыс аумағында 21 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр, оларға 66 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 кәсіпорын іске қосылды және тағы 45 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ИСЕСКО шешімімен Түркістан қаласы 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды.
Симпозиум жұмысына Әзербайжан, Мажарстан, Қазақстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан конституциялық соттарының өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Түркия, Словения, Германия, Литва және АҚШ мемлекеттік, құқықтық әрі ғылыми құрылымдарының делегаттары қатысуда.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.