Рахымжан Исақұлов ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқару уақытша вице-министр Рахымжан Исақұловқа жүктелді, деп хабарлайды NewsAsia.kz агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқару уақытша вице-министр Рахымжан Исақұловқа жүктелді, деп хабарлайды NewsAsia.kz агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 25 қараша күні министрдің міндетін атқарушы Рахымжан Исақұлов азаматтарды жеке қабылдағанын мәлімдеді. Тұрғындардың өтініштері тұрғын үй құрылысының сапасы, мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) жұмысы және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тәртібі мәселелеріне қатысты болды. Қабылдау қорытындысы бойынша ведомствоның бейінді құрылымдық бөлімшелеріне тиісті шешімді талап ететін көтерілген мәселелерді қосымша зерттеу тапсырылды.
Рахымжан Исақұлов 1987 жылы 5 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. 2010 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Лондон университетінің Royal Holloway колледжін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016 жылы Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтын мемлекеттік басқару магистрі дәрежесімен бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Президент кеңсесінде бастаған. 2013-2018 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінде бірқатар қызмет атқарды, оның ішінде мемлекеттік инспектор болды. Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласы әкімдерінің аппараттарын, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппаратын басқарды. 2023 жылғы қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы болып тағайындалды, ал 2024 жылғы 15 қарашадан бастап осы ведомствоның вице-министрі қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатты. Дәл сол күні «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.