Түнде балалар автобусқа отырғызылмайды: тасымалдау тәртібіне жаңа талап енгізілді
Қазақстанда 27 қарашадан бастап автобуспен жолаушы тасымалдау ережесі өзгереді, енді түнгі уақытта балалар қоғамдық көлікке үлкендердің қарауынсыз жіберілмейді. Бұл туралы NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда 27 қарашадан бастап автобуспен жолаушы тасымалдау ережесі өзгереді, енді түнгі уақытта балалар қоғамдық көлікке үлкендердің қарауынсыз жіберілмейді. Бұл туралы NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа талаптар ведомствоның №317 бұйрығымен бекітілген. Енді сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қасында ата-анасы немесе заңды өкілі жоқ кәмелетке толмаған балаларды автобусқа отырғызуға тыйым салынады. Бұл шектеу 16 жастан асқан жасөспірімдерге де ортақ.
Күндіз қалааралық немесе облысаралық бағыттарда балаларды жалғыз жіберуге қатысты да тәртіп бар. 7-ден 16 жасқа дейінгі балалар ата-анасының қағаз түріндегі немесе цифрлық құжат арқылы рәсімделген жазбаша келісімі болса ғана жолға шыға алады. Ал 7 жасқа толмағандарға мұндай сапарға тек ересектермен бірге шығуға рұқсат беріледі.
Жолаушылар үшін тағы бір жаңалық – қала мен ауыл ішіндегі жолақы құны орташа тарифпен есептеліп, 5 теңгеге дейін дөңгелектенеді. Мысалы, нақты есеп 177 теңге шықса, жолаушы 175 теңге, ал 178 теңге болса, 180 теңге төлейді. Бұл ретте жеңілдігі бар азаматтардың құқығы сол күйі сақталады.
Сондай-ақ автобустардың сыртқы белгісі де өзгереді: алды мен артына сары фонда қара әріппен маршрут нөмірі, ал экспресс автобустарға қызыл түспен тиісті жазу қойылады. Бұл норма бұйрық күшіне енгеннен кейін 60 күн өткен соң талап етіле бастайды.
Еске салсақ, баланы басқа қалаға немесе алыс сапарға жіберерде құжаттарын алдын ала реттеп алған жөн, әйтпесе жүргізуші оны көлікке отырғызбауы мүмкін.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.