26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Мектептер мен емханаларда энергия қалай үнемделеді және денсаулық саласы қалай өзгереді

Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшесі Арман Қалықов парламент отырысында энергия тиімділігін арттыру шаралары қалай іске асатынын айтып берді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап.

Мектептер мен емханаларда энергия қалай үнемделеді және денсаулық саласы қалай өзгереді
Фото: Aikyn.kz

Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшесі Арман Қалықов парламент отырысында энергия тиімділігін арттыру шаралары қалай іске асатынын айтып берді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап.

Баяндамашының сөзінше, депутаттар бастамашылық еткен түзетулер Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін дайындалған. Басты мақсат — жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 4%-ға кемігенімен, орташа әлемдік деңгейден шамамен 2 есе, ал ЭЫДҰ елдерінен 3,6 есе жоғары болып отыр.

Спикер мемлекеттік бақылау мен сервистік тетіктер әлеуметтік секторға дейін таралатынын атап өтті:

«Энергия мониторингі мен энергия-сервистік қызметтерді дамыту есебінен энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу шараларын мектептерді, ауруханаларды және балабақшаларды қоса алғанда, бюджеттік секторға кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім шеңберінде қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар объектіге тереңдетілген талдау жүргізіп, кейіннен олардың энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр».

Спикердің айтуынша, сондай-ақ бюджеттік және квазимемлекеттік секторларға жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, энергия-сервистік ұйымдарды іріктеуді жеңілдету және тиімді технологияларды енгізу арқылы шығындарды азайту көзделуде.

Бұдан бөлек, жиында денсаулық сақтау мәселелеріне арналған заң жобасы қаралды. Құжатты таныстырған Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев шетелдік науқастарды қабылдау мен саланың инвестициялық тартымдылығы жайын атап өтті:

«Осы бағытты одан әрі дамыту үшін заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылады. Сонымен қатар шетелден емделуге келетін азаматтарға қызмет көрсету мен оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді».

Қарау қорытындысы бойынша Парламент энергия үнемдеу және денсаулық сақтауға қатысты екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.