Астанада өткен го ойынынан халықаралық турнирде жеңімпаздар анықталды
Астана қаласында го ойынынан алты елден 71 ойыншының басын қосқан «Жібек жолы» халықаралық турнирі мәресіне жетті.

Астана қаласында го ойынынан алты мемлекеттің 71 ойыншысы қатысқан «Жібек жолы» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Зияткерлік жарысқа Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан шеберлері қатысып, доданың бас төрешісі қызметін Қырғызстан Го федерациясының басшысы Даврон Юлдашев атқарды. Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов пен Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь қатысты. Алты кезеңдік бәсеке қорытындысы бойынша халықаралық есепте қытайлық Дэн Чжишэн топ жарса, екінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы Ким Дохёп, үшінші орынды тағы бір Қытай өкілі Чжан Цзяньпин иеленді. Ал Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орын қырғызстандық Данай Айталиевке, екінші орын отандық Мерей Хуанбайға, үшінші орын қырғыз спортшысы Эрнур Эмилиевке бұйырды. Сонымен қатар Қарағандыдағы мектеп өкілі, 22 жастағы Мерей Хуанбай «Қазақстанның үздік ойыншысы» атанды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.