26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Алтын, екі күміс және екі қола: Ташкенттегі жасөспірімдер Гран-приінде Қазақстан 5 медаль иеленді

Ташкентте өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Гран-при бәсекесінде қазақстандық спортшылар бес жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап.

Алтын, екі күміс және екі қола: Ташкенттегі жасөспірімдер Гран-приінде Қазақстан 5 медаль иеленді
Фото: El.kz

Ташкентте өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Гран-при бәсекесінде қазақстандық спортшылар бес жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап.

Өзбекстан астанасында 24–25 қараша күндері ұйымдастырылған халықаралық додаға 19 елден 250 татами шебері қатысты. Аталған жарыста Қазақстан намысын он жас дзюдошы қорғап, қорытындысында құрама қоржынына бір алтын, екі күміс және екі қола жүлде түсті.

Турнир бағдарламасына сай ұлдар 55 келі, 60 келі, 66 келі және 90 келіден жоғары салмақта күш сынасты. Ал қыздар 40 келі, 57 келі, 63 келі және 70 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады.

Қазақстан құрамасы сапынан 40 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Әдия Жанахмет топ жарып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ екі спортшымыз шешуші финалға дейін жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Олар — 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ернат Кеңесбек пен 60 келіге дейінгі санатта күрескен Аслан Ерғалиев. Ал 60 келідегі Ғабит Расулхан және 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ерік Үсенов үшінші орын үшін өткен белдесулерде жеңіске жетіп, қола жүлдегер атанды.

Бұл жарыс Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жас спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа бастамасы шеңберінде өтті. Ұйым президенті Мариус Визер бұған дейін жасөспірімдерге арналған жаңа турнирлер топтамасы қолға алынатынын мәлімдеген болатын. Енді өскелең ұрпақ тек құрлықтық додалар мен жыл сайынғы әлем чемпионаттарымен шектелмей, беделді Гран-при кезеңдерінде тәжірибе жинақтай алады.

Жаңа форматтағы алғашқы турнир 24–25 қазанда Тәжікстан астанасы Душанбеде 21 жасқа дейінгі балуандар арасында Ходжа Шариф атымен ұйымдастырылып, артынша 26–28 қазан аралығында халықаралық жаттығу жиынымен жалғасқан еді. Ал Ташкенттегі екінші кезең 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтті. Мұнда да белдесулер аяқталған соң қатысушыларға арналған арнайы халықаралық оқу-жаттығу жиыны жоспарланған.

Турнирлердің тағы бір ерекшелігі ретінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақының тағайындалуы аталуда. Мұндай қолдау жас спортшылардың әлемдік аренадағы бастапқы қадамдарына демеу болып, шеберліктерін шыңдауға қосымша серпін бермек.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.