30 қараша 2026 Астана −9° USD 458,13EUR 502,29RUB 5,58CNY 68,85

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Бірде-бір қылмыс жоқ әрі үйлер құлыпталмайды: СҚО-да «арақсыз» ауылдардың саны 50-ден асты

СҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин тұрғындары ішімдіктен өз еркімен бас тартқан елді мекендердегі ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды NewsAsia.kz 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Бірде-бір қылмыс жоқ әрі үйлер құлыпталмайды: СҚО-да «арақсыз» ауылдардың саны 50-ден асты
Фото: 24.kz

СҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин тұрғындары ішімдіктен өз еркімен бас тартқан елді мекендердегі ахуал туралы айтып берді, деп хабарлайды NewsAsia.kz 24.kz телеарнасына сілтеме жасап. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл ауылдарда соңғы бірнеше жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қазірдің өзінде 50-ден астам «арақсыз» ауыл бар, оларда жалпы саны 6 мыңнан астам адам тұрады. Бұл елді мекендердің тұрғындары өз бастамаларымен ішімдік ішуден де, оны сатудан да толықтай бас тартқан. Осылайша ауыл тұрғындары «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға нақты үлес қосып отыр, ал оның жалпы нәтижесі тіркелетін құқық бұзушылықтар санының айтарлықтай төмендеуінен көрінді.

Полицейлер ішімдіктен бас тарту құқықтық тәртіп жағдайына өте оң әсер ететінін атап өтті. СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин былай деп түсіндірді:

«Біз сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерімен де жұмыс жүргіземіз. Кездесулерде алкоголь өнімдерін сатуды уақытша шектеу мәселелерін талқылаймыз. Жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының бірлескен жұмысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді».

200-ден сәл астам адам тұратын Успен ауылдық округіне қарасты Сулышок ауылы осының жарқын үлгісі болды. Тұрғындардың басым бөлігі мұнда еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударған. Бірнеше жыл бұрын олар өз ауылын қауіпсіздік пен салауатты өмір салты аймағына айналдыру идеясының төңірегіне бірігіп, отбасылық құндылықтарды нығайту мен бала тәрбиесіне басымдық берді. Успен ауылдық округінің әкімі Сарагүл Бейсебаева былай деп толықтырды:

«Бастапқыда ішімдіктен бас тарту туралы ұсынысты тұрғындардың өздері – аға буын мен жастар көтерді. Біз бұл бастаманы қолдадық, содан кейін ауылда «Байсалды ауыл» жобасын жүзеге асыра бастадық».

Қабылданған шешім қағаз жүзіндегі формалдылық күйінде қалған жоқ: Сулышокта ішімдік сатылмайды, сонымен қатар ауыл тұрғындары өз күштерімен инфрақұрылымды дамытып жатыр. Жергілікті фермер мәдениет үйін салып берді, қазір жаңа спорт залын тұрғызуда. Тұрғындар арасындағы өзара сенімнің артқаны соншалық, адамдар үйлерінің есігін құлыптауды қойған. Сулышок ауылының тұрғыны Асхат Нүсіпов былай дейді:

«Бізде қылмыс та, ұрлық та жоқтың қасы. Аудан орталығына кеткен күннің өзінде үйлердің есігін құлыптамаймыз. Ешкім ештеңеге тимейді. Жаңа үй салып жатқан құрылысшылар шелектері мен құрал-саймандарын қалдырып кетеді де, келесі жылы көктемде оралғанда бәрі сол күйі тұрады».

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.