Бала денсаулығы, ата-ана күмәні және жүйе қателігі туралы. Астаналық жас ананың ашық әңгімесі
Астана тұрғыны Әйгерім баласын екпеден уақытша шектеп, дертінен қорғаймын деп ойлағанда, бәрі керісінше аяқталарын білмеген еді: үш жасар сәбиі қызылшамен ауруханаға түсті, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Астана тұрғыны Әйгерім баласын екпеден уақытша шектеп, оның табиғи иммунитеті күшейеді деп сенгенде, бұл шешімнің соңы ауыр сынаққа ұласарын тіпті де күтпеген еді: үш жасқа толатын ұлы қызылша жұқтырып, жағдайы нашарлап, аурухана төсегіне таңылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде жас ата-аналардың екпеге қатысты ұстанымы қоғамда түрлі пікірталас туғызып келеді. Мамандар да, қоғам өкілдері де бұл мәселені жан-жақты талқылауда. Журналистерге берген сұхбатында аналардың өздері мен тәжірибелі дәрігерлер балаға екпе салдырудан бас тартудың астарында не жатқанын және оның қандай салдары болатынын бүкпесіз баяндап берді.
«Өсіп, буыны бекісін деп ойладым»
Елордалық 29 жастағы Әйгерім Нұржан – ақ халатты абзал жан, емхана қызметкері. Дәрігер бола тұра, өз перзентіне екпе салдыруға асықпағанын жасырмайды. Алан есімді ұлы биыл үш жасқа толмақ, алайда осы уақытқа дейін ешбір екпені алмаған. Бірақ жақында отбасы үлкен уайымға тап болды: бүлдіршін қызылша жұқтырып, қызуы басылмай, жансақтау деңгейіне дейін жеткендей хал кешті.
– Дәрігер болсам да, ұлым дүниеге келісімен ешбір екпені салдыртпадым. Өсіп, буыны бекіп, иммунитеті көтерілсін, кейін салдыртамын деп ойладым. Бірақ өткенде қызылшамен ауырып, ыстығы түспей, ауруханаға түстік. Балам әбден қиналып кетті. Аллаға шүкір, есін жиып, ыстығы түсіп, қызылшасы кете бастады. Ұлымның екпе алмағанын анам естіп, ұрсып, сөккені бар. Кім біледі, ол айтқандай, уақытында екпені алғанда бұлай жаны қиналмас па еді. Алдымен сауығып алсын, содан кейін екпені ойланармыз, – дейді Әйгерім өткен күндерді еске алып.
Әйгерімнің басынан өткен жағдай бүгінгі қоғамда жалғыз емес. Мәселен, қызылордалық 31 жастағы Айзада есімді келіншек төрт бірдей баласына туғаннан бері ешбір екпе салдырмағанын айтады.
– Үлкенім – 10 жаста. БЦЖ-дан бастап ешқандай екпе салынбады. Қазір 5-сынып оқиды. Одан кейінгі үш балама да екпе салдыртқаным жоқ. Шүкір, ешбірі қатты ауырған емес, – дейді ол.
Алайда көпбалалы ана балаларын екпе құжатынсыз балабақша мен мектепке қалай орналастырғанын толық ашып айтқан жоқ. Оның айтуынша, балалары жекеменшік балабақшаға барып, ақылы негіздегі мектепте білім алуда. Жалпы ортада балабақша басшыларына белгілі бір сый-сияпат беріп, құжатсыз-ақ кіргізіп алатындар туралы әңгіме жиі айтылады. Бұл сауалдың мән-жайын білу мақсатында тілшілер бірқатар мектепке дейінгі мекеме басшыларына хабарласқанымен, бірінің еңбек демалысында болуына, енді бірінің денсаулығына байланысты қабылдау тәртібіне қатысты тұшымды жауап алу мүмкін болмады.
«Дәрігердің бәрі бірдей емес»
Екпеге сеніммен қарап, оны уақытылы салдыруды жөн санайтын ата-аналардың да өз уәжі мен өткен өмірлік тәжірибесі бар. Екі перзентті тәрбиелеп отырған Назгүл Ержанқызы ғылыми дәлелденген медицинаға сүйену керектігін алға тартады. Дегенмен ол мемлекеттік емханалардағы кейбір мамандардың жоспар қуып, салғырт қарайтынын да жасырмайды.
– Үлкен қызымда көп нәрсе білмедік, дәрігердің айтқанымен жүре бердік. Ол да дұрыс емес. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, дәрігердің бәрі бірдей емес. Әсіресе, мемлекеттік емхана дәрігерлерінің кемшілігі – статистика үшін, өз жоспарын орындауын көздеп, ата-анаға дұрыс ақпарат бермеуі, балаға жаны ашымауы. Өйткені бір баламның бөртпесін көрген дәрігер жақпа майды жазып беріп, 2-3 күннен кейін кете салысымен екпені салып бергені бар. Ертеңінде баламның ыстығы көтеріліп, жоғалып кеткен бөртпе қайта шығып, одан әрі жағдайы нашарлай түсті. Сондықтан әрбір ата-анаға айтарым, екпе салуға асықпаңыз. Бала мазасызданса, аллергиясы болып, кеудесі сырылдап тұрса, себебін анықтаңыз. Жалпы, екпе салдырмас бұрын баланы оған дайындау қажет. Көпке топырақ шашудан аулақпын, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары дәрігерлер аз емес, – деп түсіндіреді Назгүл.
Осы себепті екінші сәбиінде ол баланы мұқият тексертіп, дәрігер рұқсатымен ғана екпе салдырған. Оның ойынша, әр егудің өз мерзімі бар және оны ерте немесе тым кеш жасауға болмайды.
«Антиваксер емеспін, бірақ сенімсіздік бар»
Кейде ата-аналардың медицина саласына деген күмәні нақты құжаттық олқылықтардан кейін күшейе түседі. Айғаным есімді келіншек сәбиіне перзентханадағы екпені ғана жасатып, кейінгісін салдырмаған. Алайда уақыт өте келе медициналық жүйеден өзі салдырмаған екпенің белгісін көріп, таңғалған.
– 2,5 жасында балабақшаға беретін болып, қызылша мен пневмококк инфекциясына қарсы екпелер салуға барғанымда медбикеміз «өте жеңіл екпе, анализсіз ала бер. Сал ауруға бірден қоямыз, аузына тамыза салады» деп жабысып алды. Өзім дәрігер болмасам да шұқыланып оқитыным бар. АКДС-сіз мүлдем ОПВ-ны ауызға тамызуға болмайды, оны АКДС-пен бірге салу керек емес пе? Содан екпе кабинетіне барып, вакциналардың датасына дейін қарап, суретке түсіріп алдым, анализ тапсырып алған соң салдыртпақ болдым, – деп еске алады Айғаным.
Арада жарты жыл өткенде eGov электрондық порталынан вакцинация паспортын ашып қараған ана ОПВ қабылданды деген жазуды көріп, төбесінен жай түскендей болады. Емханаға барып шағымданғанымен, бұрынғы медбикенің декреттік демалысқа кеткені белгілі болады. «Өзім антиваксер емеспін, бірақ сенімсіздікті тудыратын медициналық қызметкерлердің өздері ме деп қалдым?», – дейді ол жүйедегі келеңсіздікке қынжылып.
Әлеуметтік желі мен үрейдің аражігі
Психолог әрі дәрігер Ақбаян Төреғалиева интернеттегі ақпараттың ата-ананың ішкі қорқынышына қалай әсер ететінін айтып берді. Оның айтуынша, адам санасы құрғақ статистикадан гөрі жеке адамның көз жасы мен жан тебіренісін жылдам қабылдайды.
– Себебі біз цифрды емес, оқиғаны есте сақтаймыз. Мыңдаған бала екпені еш қиындықсыз алады, бірақ бұл туралы ешкім видео салмайды. Ал бір ананың жылап айтқан әңгімесі бір күнде мыңдаған адамға тарайды. Сол видеоны көрген ата-ана «менің баламмен де солай болады» деп қорқады. Оның үстіне, екпеден кейін кездейсоқ сырқаттанса, бірден екпеден көреді. Шындығында, екпеден бе, әлде жоқ па, оны ешкім тексермейді, – деп тұжырымдайды Ақбаян Төреғалиева.
Маман желідегі бейнежазбаларға елігіп шешім қабылдаудан сақтандырып, әрқашан мамандармен ақылдасуға шақырады. Бұл ретте Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың Нәрестелер физиология бөлімінің меңгерушісі Роза Мақанова мәселенің тек әлеуметтік желімен шектелмейтінін ескертеді.
– Иә, көпшілік Instagram, TikTok, Threads, Telegram, Facebook секілді әлеуметтік желідегі екпеге қарсы белсенділердің пікіріне алданып, ресми медицина мен мемлекеттік бағдарламаларға сенімсіздік танытып жатады. Бірақ бұл басты себеп емес, – деп атап өтті дәрігер.
Бала тағдырына алаңдаған аналар сауығу мен күмән арасында арпалысып жатқанда, мамандар денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, кез келген шешімді байыппен қабылдау қажеттігін алға тартады.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.