28 қараша 2026 Астана −4° USD 458,13EUR 502,29RUB 5,58CNY 68,85

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Шетелден түскен ұсыныстар, рекордтар және Астанаға махаббат: Қазақстан құрамасының экс-ойыншысы Брэндон Боченски мансабы жайлы айтты

«Барыстың» бұрынғы шабуылшысы әрі Қазақстан құрамасының экс-капитаны Брэндон Боченски спорттық мансабының соңын неліктен Астанада өткізуге шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Шетелден түскен ұсыныстар, рекордтар және Астанаға махаббат: Қазақстан құрамасының экс-ойыншысы Брэндон Боченски мансабы жайлы айтты
Фото: Tengrinews.kz

«Барыстың» және Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Брэндон Боченски комментатор Александр Олейникпен әңгіме барысында неліктен басқа клубтарға ауыспай, мансабын аяқтағанға дейін елордалық командада өнер көрсеткенін түсіндірді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Tengri Sport пен астаналық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда АҚШ-тың Грэнд-Форкс қаласының мэрі қызметін атқарып жүрген америкалық хоккейші бірнеше күнге Астанаға арнайы келді. Форвард Құрлықтық хоккей лигасының жетекші командаларынан түскен қызығушылық пен ұсыныстарға қарамастан, кәсіби спорттағы соңғы сегіз маусымын қазақстандық клубқа арнады.

«Мен Қазақстанға, Астанаға және жанкүйерлерге ғашық болдым. Менің жүрегім әрдайым осында болды! Басқа қалаға кетіп, келісімшартқа отыруға көптеген мүмкіндігім болды, бірақ мен үшін оның еш мәні жоқ еді. Мен әрқашан бір командада ойнағым келді, ал Астана алғашқы кезден-ақ жүрегімді жаулап алып, босатпады. Ұсыныстар түскенімен, мен оларды ешқашан байыппен қарастырған емеспін, әрдайым “Барыста” қалып, ойнағым келді», — деп түсіндірді спортшы.

Спортшы Қазақстанға 2010 жылы қоныс аударып, клуб сапында жалпы 455 ойын өткізді. Шабуылшы 444 ұпай жинап (179 шайба және 265 нәтижелі пас), «гол плюс пас» жүйесі бойынша астаналық команданың абсолютті рекордшысы мәртебесін сақтап келеді. Қазіргі үздік бестікте осы нәтижеге жақын ойыншылар жоқ, алайда ардагер спортшының өзі уақыт өте келе бұл межені біреу бағындыратынына сенімді.

«Иә, команда үшін жиналған ұпай саны бойынша рекордты әлдекім жаңартатынына сенімдімін. Ол үшін тек тұрақтылық қажет. Мен 8 жыл ойнадым және әр маусымда көп ұпай жинадым. Мені Старый, яғни Старченко басып озады деп ойлағанмын, бірақ ол мансабын сәл ертерек аяқтады. Сондықтан болашақта қандай да бір ойыншылар, мүмкін жастар шығар деп үміттенемін... Осында шамамен 20 жыл ойнап, 10 немесе 12 жылдан кейін рекордты жаңартатын жас қазақстандық жігіт болса, керемет болар еді. Мен рекордты мәңгі иеленіп тұрғым келмейді», — деп толықтырды ол.

2014 жылы америкалық форвард Қазақстан азаматтығын алып, содан кейін ұлттық құрама намысын қорғады және команданы мұз айдынына капитан ретінде алып шықты. Ол ойыншы мансабын аяқтайтынын 2019 жылдың жазында мәлімдеп, Америка Құрама Штаттарына оралды және 2020 жылы Грэнд-Форкс мэрі сайлауында жеңіске жетті.

Журналист Александр Олейник бұған дейін клубтың жетістіктері туралы пікір білдіріп, «Барыстың» 2008 жылғы құрамын ұйым тарихындағы ең мықтысы деп атаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.