Жұмыстан шыққандар демалыс үшін өтемақыны қалай алады
Жұмыстан босатылған қызметкер соңғы жалақысынан бөлек, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін де өтемақы алуға құқылы.

Жұмыстан босатылған қызметкер соңғы жалақысынан бөлек, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін де өтемақы алуға құқылы. Бұл туралы NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, еңбек келісімшарты тоқтаған кезде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс күндеріне ақы төлеуге міндетті. Бұл талап демалыстың бір бөлігін ғана алып үлгерген қызметкерлерге де қатысты болады. Төлем көлемі адамның орташа жалақысы бойынша есептеледі.
Сонымен қатар жұмысынан айырылғандарға қосымша ақша төленетін сәттер бар. Кәсіпорын жабылса немесе штат қысқарса, жұмыскерге бір айлық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы беріледі. Ал өндіріс көлемі құлдырап, мекеменің экономикалық жағдайы қиындаған соң қызметкермен қош айтысса, екі айлық орташа жалақы көлемінде төлем жасалуы керек. Шартта өтемақының бұдан да көп мөлшері жазылуы мүмкін.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметінше, жұмыс беруші еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қызметкермен есеп айырысуы шарт. Егер тиесілі ақша төленбесе, еңбек инспекциясына жүгінуге болады.
Сондықтан жұмыстан шығар кезде келісімшарттың қандай негізде тоқтатылғанына және қаражаттың толық аударылуына мән беру қажет.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.