Физикаға қызығушылық, еуропалық тәжірибе және FAANG биігі туралы. Қостанайлық инженердің шынайы хикаясы
Қостанайлық Ернар Кенжетаев мектеп қабырғасында жүргенде, болашақта әлемдік алпауыт технологиялық орталықтың жүйелерін басқарамын деп ойламаған еді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанайлық Ернар Кенжетаев Астанадағы мектеп қабырғасында физика пәнін тереңдетіп оқып жүргенде, қарапайым қызығушылық оны әлемдік деңгейдегі озық компаниялардың біріне жетелейді деп ойламаған еді: бүгінде ол халықаралық дәрежедегі жетекші платформаның қауіпсіз әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде біздің кейіпкер Варшава қаласындағы Netflix технологиялық орталығында SRE-инженер қызметін атқарып жүр. Ол жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін қадағалап, бір мезгілде үш-төрт команданың тыныс-тіршілігіне жауап береді. Әлемге әйгілі FAANG қатарындағы компанияда еңбек етуге ұмтылған маман басылымға берген сұхбатында өз жетістіктері мен қалыптасу жолы жайында егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Бастапқыда физик болуды мақсат еттім»
Ернардың ғылымға деген алғашқы қадамы Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен басталған. Соңғы екі жылда ол болашақ мамандығы жөнінде жиі ойлана бастайды. Жанұясы мен ұстаздары оның қабілетін байқап, елімізде қарқынды дамып келе жатқан атом физикасы бағытын таңдауға кеңес береді.
«Бастапқыда физик болуды мақсат еттім. Ата-анам, ағаларым және физика пәнінің мұғалімі Қазақстанда атом физикасы дамығанын айтып, осы бағытты таңдауға кеңес берді. Сол кездері жақын досым әрі сыныптасым мені хакатондарға шақыра бастады. Сол арқылы IT саласымен танысып, осы салаға қызығушылығым оянды. Хакатондарға қатысып, түрлі жоба әзірлеу маған ұнады. Жүлде қоры да қызықтырды. Ол кезде 11-сынып оқушысы үшін 300 мың теңге қомақты қаражат қой», — деп еске алады инженер сол бір күндерді.
Оқу орны Astana Hub маңында орналасқандықтан, жастар технологиялық сайыстарға жиі бас сұғатын. Солардың бірінде сыныптастарымен бірігіп, алыс сапарға шығатын жүргізушілерге арналған құрылғы ойлап тапты. Датчик жүргізушінің көзі жұмылғанын сезген мезетте дыбыс беріп, қауіптің алдын алатын. Дәл осындай ортада Сүлеймен Демирел университетінің жастарымен танысып, үлкен кеңес алғаны да оның бұл салаға түпкілікті бет бұруына себеп болды.
«Будапешт те маған тарлық ете бастағандай болды»
Мектептен соң Ернар Финляндия, Польша және Мажарстан университеттерінен бірдей шақырту алады. Таңдау Stipendium Hungaricum гранты арқылы мехатроника инженериясына түсті. Кейіпкеріміз студенттік шақта тек теориямен шектелмей, алғашқы курстан бастап еңбек нарығына белсене араласты.
«Университетке түскен кезден бастап-ақ оқумен қатар IT жобаларында жұмыс істегім келді. Жатақханада бірге тұратын, бір курста оқитын студенттердің де жұмыс істеп жүргенін көріп, мен де еңбек етуге бел будым. Түрлі хакатондарға қатысып, ақырында бірнеше жерден тағылымдамадан өту туралы ұсыныс алдық», — деп түсіндіреді ол.
Осылайша Ернар әуелі OTP Bank мекемесінде, кейіннен Ericsson компаниясында үш жыл бойы еңбек етті. Дегенмен кәсіби талабы мен ізденісі бір орында тұруға мүмкіндік бермеді. Оқуды бітіргеннен кейін Польшаның Exadel компаниясына шақырту алып, Варшаваға қоныс аударды. Алайда аутсорсинг жүйесіндегі жобалардың жиі ауысуы оның бір командада тұрақты даму туралы жоспарына сәйкес келмеді. Осыдан кейін ол бұлтты сақтау саласындағы ірі Box ұйымында бір жыл тәжірибе жинақтады.
«Бұл жерде қызметкерлерге бірден сенім артады»
Әлем бойынша 325 миллионнан астам ақылы пайдаланушысы бар Netflix компаниясына орналасу Ернардың бұрыннан келе жатқан арманы еді. Ол компанияның мансап бөліміне өтінім жіберіп, АҚШ мамандарымен онлайн форматта бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан өтті: алғашқы танысудан кейін Live Coding арқылы техникалық тапсырма тапсырды, содан соң Virtual Onsite аясында кәсіби және адами дағдыларын қорғап шықты. Соңында менеджермен бейресми түскі ас үстінде әңгімелесіп, көптен күткен ұсынысты қабыл алды.
«Әлбетте, Netflix – мен көптен бері жұмыс істеуді армандаған компания еді. Сондықтан жұмысқа шақырту алған кездегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын! Бұған дейін ол жерде жұмыс істейтін қазақтарды кездестірмеген едім... Netflix-тің FAANG қатарына кіретінін ескерсек, бұл мен үшін ерекше жетістік болды», — деп мойындайды инженер толқынысын жасырмай.
Ернардың айтуынша, бұл ортада үміткердің білімімен қатар оның мінез-құлқы мен командамен тіл табыса білуіне баса назар аударылады. Мұнда ұжымға қосылған жанға бірден үлкен сенім артылып, жауапкершілік беріледі. Компания өз құндылықтарын насихаттау үшін жылына бір рет Амстердамда бес жүзге жуық жаңа қызметкердің басын қосады, оған бағдарламашылардан бастап видеомонтажерлер мен күзет мамандарына дейін тең дәрежеде шақырылады.
Бүгінде өз командасының маңызды буынына айналған жерлесіміз күрделі инженерлік жүйелердің тұрақтылығын бақылап қана қоймай, артынан ерген жастарға бағыт-бағдар беруді өзінің азаматтық парызы санайды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.