Даланы ормантандыру, бірыңғай бақылау және кадр тапшылығы: ардагерлер орман шаруашылығын реформалау туралы мәлімдеді
Астанада ғылым мен орман өндірісінің ардагерлері орман қорын реформалау және екпе ағаштарды күтіп-баптау бойынша бастамаларын ұсынды, деп хабарлайды NewsAsia.kz 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Астанада ғылым мен орман өндірісінің ардагерлері орман қорын реформалау және екпе ағаштарды күтіп-баптау бойынша бастамаларын ұсынды, деп хабарлайды NewsAsia.kz 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Саланың еңбек сіңірген сарапшылары ондаған жылдар бойы жинақталған еңбек тәжірибесі басқарушылық шешімдердің негізіне айналуы тиіс екенін мәлімдеді. Олар Мемлекет басшысының Қазақстанды ауқымды көгалдандыру бағытын толық қолдайтындарын білдірді, бірақ ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу үшін тек ағаш отырғызу көлемін арттыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Ардагерлердің пікірінше, республикаға ағаштарды сақтау, молайту және тиісінше күтіп-баптау бойынша үздіксіз жүйелі жұмыс қажет. Негізгі шаралар қатарында коммуналдық орман шаруашылығы мекемелерін бірыңғай орталықтандырылған басқаруға беру, сондай-ақ далалы өңірлерде арнайы орман мелиорациялық станцияларын құру ұсынылды.
ҚР ҰҒА академигі Сәбит Байзақов құрғақшылық аймақтарда бейінді ұйымдар құрудың аса маңызды қажеттілігін атап өтті:
«Далалық аудандарда шөлейт және дала алқаптарын көгалдандыруға және ормантандыруға маманданған жаңа орман мекемелерін құру қажет. Президентіміз табиғатты, дала мен шөлейттерді абаттандыру қажеттігін айтып, дұрыс бағыт ұстанып отыр. Орталық Қазақстанда көптеген елді мекендер ормандардан тыс қалып қойған. Сирек адамдардың ауласында болмаса, орман екпелері жоқ. Осы өңірлерде де орман өсірумен және көгалдандырумен айналысу керек».
Мамандар кадр мәселесіне және ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне ерекше назар аударды. Олар орман шаруашылығының өркендеуі мен болашағы тәжірибе алмасуға және жас кадрларды жан-жақты қолдауға тікелей байланысты екеніне сенімді.
ҚР еңбек сіңірген орман өсірушісі Серік Тұрымбаев тәлімгерлік институтына оралу қажеттігін баса айтты:
«Өз кезімізде институтты бітіргеннен кейін орман шаруашылықтарына келетінбіз, онда тәлімгерлік жақсы дамыған еді. Тәжірибелі әріптестер бізді үйретіп, істің мән-жайымен таныстырып, орман шаруашылығының қыр-сыры мен қиындықтарын түсіндіретін. Біздің көпжылдық жұмыс тәжірибеміз республикада орман шаруашылығы кадрларын жүйелі түрде оқыту және олардың біліктілігін арттыру үшін бірыңғай орталық құру қажет екенін көрсетіп отыр».
Орман өндірісінің майталмандары атап өткендей, орман қорын дамыту елдің экоқауіпсіздігіне жасалған стратегиялық инвестиция болып табылады. Қордаланған мәселелерді шешу үшін олар тұтас мемлекеттік орман саясатын әзірлеуді және Экология министрлігі жанынан қоғамдық кеңес құруды ұсынды. Ардагерлер өздерінің ресми үндеулерін бейінді министрлік басшылығына және Құрылтай депутаттарына жолдады.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.