28 қараша 2026 Астана −4° USD 458,13EUR 502,29RUB 5,58CNY 68,85

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Ауыр бейнет, шетелдегі төзім және үлкен мақсат туралы. Қызылордалық жас ананың шынайы әңгімесі

Іңкәр Халиқызы жат елде қара жұмысқа жегіліп, қонақүйде тазалықшы болып жүргенде, бұл қиындықтың бәрі үлкен мүмкіндікке бастайтынын сезген де жоқ: бүгінде ол Оңтүстік Кореядағы халықаралық компанияда еңбек етіп жүр, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ауыр бейнет, шетелдегі төзім және үлкен мақсат туралы. Қызылордалық жас ананың шынайы әңгімесі
Фото: El.kz

Іңкәр Халиқызы жат елде қара жұмысқа жегіліп, қонақүйде тазалықшы болып жүргенде, бұл қиындықтың бәрі үлкен мүмкіндікке бастайтынын сезген де жоқ: бүгінде ол Оңтүстік Кореядағы халықаралық компанияда еңбек етіп жүр, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде жиырма тоғыз жастағы отандасымыз Gmoney Trans ұйымының Орталық Азиямен жұмыс бөлімінде табысты қызмет атқарады. Ол бес тілді меңгерген білікті маман ретінде қазақстандық клиенттерге өз ана тілінде қызмет көрсетіп, ел мен шетел арасындағы алтын көпірге айналып отыр. El.kz басылымына ашық сұхбат берген үш қыздың анасы бөтен мемлекеттегі өмірі, нәпақа табу жолындағы ауыр бейнеті және алдағы үлкен жоспарлары жайында баяндап берді.

Қызылордадан басталған білім керуені

Біздің кейіпкеріміз Түркістан облысының Жетісай өңірінде өмірге келгенімен, оның саналы балалық шағы мен есею кезеңі Сыр бойында, Қызылорда қаласында өткен. Оңтүстік Кореямен арадағы рухани және кәсіби байланыс оның студенттік жылдарынан бастау алады. Іңкәр 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып, ағылшын және корей тілі мамандығын терең меңгеруге кіріседі.

Талпынысы жоғары жас қыз үш жылдан соң қос диплом бағдарламасы ұсынған грантты жеңіп алып, Оңтүстік Кореядағы белгілі Кангнам университетіне жол тартады. Мұхиттың арғы жағында корей тілі мен мәдениетінің қыр-сырын зерделеп, нәтижесінде қос оқу орнының дипломын иеленіп, елге абыроймен оралған болатын.

Туған жерге оралған соң ол білімін тәжірибеде қолдануға тырысты. Алдымен №282 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, кейін Қызылорда облысы әкімдігінде корей тілі аудармашысы болып жауапты қызмет атқарды. Дегенмен уақыт өте келе өзін жаңа салаларда сынап көру қажеттігін түсінеді.

«Кореяға қайта келуімнің себебі...»

Кейіпкеріміз туған өңірде жүріп, шетелден алған дипломына лайықты тұрақты әрі табысты жұмыс табудың оңай болмағанын жасырмайды. Елордаға немесе Алматы сияқты ірі мегаполистерге қоныс аудару үшін де қомақты қаражат пен баспана қажеттілігі қолбайлау болады. Сол себепті білімін ұштап, өзге мамандықты игеру үшін қайтадан Кореяға баруды жөн көрген.

«Кореяға қайта келуімнің себебі Қызылордада корей дипломыма сай жұмыс табылмады. Астана мен Алматыда жұмыс істеу үшін де қаражат, баспана керек. Жаңа мамандық меңгеріп, заңды түрде жұмысқа орналасып, мақсатыма қол жеткізгім келді», – дейді Іңкәр.

Қазіргі күні ол Оңтүстік Кореяда орналасқан Йеуон өнер университетінің магистратурасында білім алып жатыр. Оның таңдаған жаңа бағыты — ойын-сауық индустриясындағы менеджмент саласы. Университеттегі дәрістер тек сенбі күндері өтетіндіктен, кейіпкеріміз қалған уақытын адал еңбекке арнауды ұйғарған.

«Енем ақ батасын беріп шығарып салды»

Іңкәр 2021 жылы отбасын құрған, бүгінде өмірлік жарымен бірге үш баланы өсіріп отырған ардақты ана. Олардың кенжесі қазір небары бір жарым жасқа толған. Шетелге білім қуып аттану кездейсоқ шешім емес, ұзақ жылғы дайындық пен отбасылық келісімнің нәтижесі еді. Жақындары оның оқуға деген ұмтылысын толықтай қолдап, перзенттерін бағуға көмектесуге келіседі.

«Енем: «Барыңдар, ел көріңдер, жер көріңдер. Біз күш-қуатымыз барда балаларды қарап береміз», – деп ақ батасын беріп шығарып салды. Отбасым менің білімге құштар екенімді әу бастан біледі. Ешкім қарсылық білдірмеді», – деп еске алады ол туғандарының жылы қолдауын.

Кейіпкеріміз сәбилі болған кезде де еңбектен қол үзбеген. Мәселен, екінші қызы бір айлық кезінде облыс әкімінің қатысуымен өткен ресми кездесуге аудармашы ретінде барып қатысқан. Мұндай сындарлы шақтарда ата-енесі кішкентайларды қарап, үлкен демеу болған. Дегенмен Іңкәр бұған қарап аналық жауапкершіліктен қол үзген жоқ, әр баласының тәрбиесін басты орынға қояды.

«Әр қызымның орны бөлек, мінездері де әртүрлі. Бірге қыдырамыз, тіл үйренеміз, дүкен аралаймыз. Балаларыма деген міндетімді өз орнымен орындауға тырысамын. Қазір WhatsApp арқылы күнде сөйлесіп тұрамыз. Уақытша алыстық бір-бірімізге деген махаббатымызды одан әрі арттырады деп сенемін», – дейді Іңкәр жүрекжарды сезімін бөлісіп.

«Үйге жеткенше жылап келдім»

Оңтүстік Кореяға барғаннан кейінгі күндер бірден жайлы кеңседе өте қоймады. Оқу төлемі мен елдегі бала-шағаның шығынын жабу үшін ол бірнеше жерде қара жұмыс істеді. Мейманханада еден жуды, өзбек ұлттық тағамдары асханасында, қуырылған тауық әзірлейтін дәмханада, косметика кәсіпорнында және пошта бөлімінде нәпақа тапты.

«Банкке дейін өз эгомды сындырумен болдым. Шетелде сенің оқырмандарыңның саны да, әкімге аудармашы болғаның да ешкімге керек емес. Заңды жұмысқа орналасқанша қара жұмыс істедім. Өйткені елде үш баламыз бар. Олардың балабақшасы, тамағы мен киімі біздің жағдайымызға қарап тұрмайды», – деп мойындайды кейіпкеріміз өткен күндерді еске алып.

Әсіресе қонақүйдегі тазалық жұмысы денсаулығы мен жанына қатты батқан. Он екі сағат бойы бел жазбай еңбек етуге мәжбүр болған Іңкәр тіпті сөмкедегі суды ішуге мұрша таба алмаған шақтарын толқи еске алады...

«Сөмкемде тұрған бір бөтелке судың бір тамшысын ішуге де мұрша болмады. Жұмысқа жегіп, адам құрлы көрмейтіндер де бар екен. Кетемін дегенде де жібергісі келмеді. Бір күндік еңбекақымды алмастан шығып кеттім. Шамамен 50 мың теңгем қалды. Үйге жеткенше жылап келгенім бар», – дейді ол ауыр сәттерге тоқталып.

Кейіннен ол пошта қызметінің түнгі ауысымында еңбек етіп, табысы мен кестесінің көңілге қонатынын аңғарған. Осы аралықта үмітін үзбей, өз біліктілігіне сай қызметтерге сұраныс білдіруді тоқтатпаған.

Бес тілде өткен сын және ертеңге үміт

Жас ана барлығы бес түрлі мекемеге өз түйіндемесін жіберген еді. Соның ішінде қаржы саласындағы Gmoney Trans компаниясы оны сұхбаттасуға арнайы шақырады. Негізінен үш кезеңге бөлінуі тиіс іріктеудің алғашқы күні-ақ ол екі сынақтан сүрінбей өткен. Жұмыс беруші тарап оның қазақ, орыс, ағылшын, корей тілдерін меңгеру дәрежесін, әлеуметтік желідегі парақшасын және мемлекеттік қызметтегі аудармашылық тәжірибесін жан-жақты бағалап, қызметке қабылдау туралы шешім шығарған.

Бүгінде Іңкәр магистратураның алғашқы семестрін аяқтап, өз оқу үлгерімі мен тұрақты табысын дәлелдеу арқылы көктемде балаларын Кореяға көшіріп алуды жоспарлап отыр.

«Уақытша алыстық бір-бірімізге деген махаббатымызды одан әрі арттырады деп сенемін», – деп түйіндеді сөзін біздің кейіпкеріміз келешекке сеніммен қарап.

Бізді Google арқылы оқисыз ба? NewsAsia.kz сайтын таңдаулы дереккөздерге қосыңыз — біздің жаңалықтар «Басты жаңалықтар» блогында жоғарырақ көрсетіледі.

Қате таптыңыз ба? Мәтін үзіндісін белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз.

Сәуле Есенова
Сәуле Есенова
Шетелдегі меншікті тілші және халықаралық

Шетелдегі меншікті тілші және халықаралық киноиндустрия мен шоу-бизнес шолушысы. Ірі медиа агенттіктердің баспасөз қызметтерінде және халықаралық PR-жобаларда жұмыс тәжірибесі бар. Әлемдік кинофестивальдерді, ойын-сауық индустриясының жаһандық трендтерін жариялайды, сондай-ақ шетелдегі диаспора өкілдерімен және табысты отандастармен эксклюзивті сұхбаттар шығарады.

Автордың барлық материалдары

NewsAsia.kz Telegram-да

Шұғыл жаңалықтар мен қысқа талдаулар — біздің арнада.

Арнаны ашу

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.