26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Әскери қызмет, қаржылық дағдарыс және бейбіт өмірге бейімделу туралы. Зейнеткер сержанттың шынайы хикаясы

Ширек ғасыр бойы Отанға қызмет еткен Әділет Сүлейменов 45 жасында зейнетке шығып, бөлім қақпасынан аттаған сәтте азаматтық өмірдің өзін мүлде бөлек сынақтармен қарсы аларын ойламаған еді.

Әскери қызмет, қаржылық дағдарыс және бейбіт өмірге бейімделу туралы. Зейнеткер сержанттың шынайы хикаясы
Фото: Сурет: Aikyn.kz

Ширек ғасыр бойы Отанға қызмет еткен Әділет Сүлейменов 45 жасында зейнетке шығып, бөлім қақпасынан аттаған сәтте азаматтық өмірдің өзін мүлде бөлек сынақтармен қарсы аларын ойламаған еді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Бүгінде Ақмола облысындағы ауылдық колледжде педагог-психолог әрі алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы болып еңбек етіп жүрген ол Azattyq Rýhy порталына берген сұхбатында формасын шешкеннен кейінгі тоқырауды, қарызға батқан кездерін және жаңа ортаға қайта үйренудің машақатын бүкпесіз баяндап берді.

Әскери зейнеткер, екінші сыныпты сержант Әділет Сүлейменов саналы ғұмырының 26 жылын қарулы күштер қатарында өткізді. Ол қызмет жолын Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасында қатардағы жауынгер, көздеуші-оператор ретінде бастаған. Кейін, 2011 жылы Астанадағы 36-десанттық-шабуылдау бригадасына ауысып, рота сержанты міндетін атқарды. Ал 2012 жылы осы бригаданың ішінен жасақталған лаңкестікке қарсы арнайы мақсаттағы батальонның іргетасын қаласқандардың қатарында болып, онда бес жыл бойы батальон сержанты лауазымында тер төкті. 2018 жылдан бастап елордадағы әскери бөлімнің тыл базасы командирінің бірінші көмекшісі болып, 2022 жылы 45 жасқа толған шағында ресми түрде зейнетке шықты.

«Сен көптің біріне айналасың»

Әскери бөлімде ширек ғасыр бойы белгілі бір қағидамен өмір сүрген адамға қарапайым қоғамға бірден сіңісіп кету оңайға соқпаған. Өйткені гарнизондағы тәртіп пен азаматтық өмірдің тыныс-тіршілігі бір-біріне мүлде ұқсамайды.

«Зейнетке шыққан соң қиындықтар болды. Біз әскери бөлімге таң қараңғысымен кіреміз, кеш батқанда шығамыз. Бізге тапсырма беріледі, сол тапсырманы орындауға дағдыланғанбыз. Өз бетімізше көп нәрсе шешпейміз, қолымызбен ештеңе істеп шығармаймыз, тек ұрыс қимылдарына, тактикаға, атыс жаттығуларына көңіл бөлеміз. Саппен барамыз, саппен келеміз. Қарапайым өмірдегідей төте жолмен өтіп кету, оңай жолын тауып кету деген ұғым жоқ», — деп еске алады кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, қатаң қағидалар мен бұйрықтардың ортасынан босап шыққанда, адам өзін қорғансыз әрі жалғыз сезінеді. Көптеген әскерилер осы психологиялық соққыға дайын болмай жатады.

«Сапта тұрғанда азаматтық өмірге тез үйренемін, бәрін жасай аламын деген адамның 99 пайызы сәтсіздікке ұшырайды. Сені әскери бөлімнен шығарып салады, бір жапырақ алғыс хат пен кәдесый береді. Есік жабылады. Сен жалғызсың. Болды, азаматтық өмірде сенің генерал, полковник болғаның, командирдің бірінші көмекшісі болғаның басқа адамдар үшін маңызды емес. Сен көптің біріне айналасың. Сенің лауазымыңа басқа адам келеді. Есік жабылады. Әрі қарай қоғамға сіңіп кету өзіңнің қолыңда», — дейді ол ішкі жан сырымен бөлісіп.

«Бір үйір жылқы сатып алатын қаржымнан айырылдым»

Әділет Сүлейменов қызметтен босар алдында жайбарақат отырмай, болашағын жоспарлап, қаражат жинап, психологиялық жағынан дайын болуға тырысқан. Алайда нарық заңы мен нақты кәсіпкерлік тәжірибе мүлде басқа болып шықты.

«2023 жылы мал шаруашылығымен айналысамын деген мақсатпен Бурабай ауданына барып, фазенда аштым. Өкінішке қарай, кәсібімді жүргізе алмадым. Ол жерде көп тәжірибе керек болды. Біз бала күнімізде көрген дүниелер мен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Екі жылдай тырмысып көрдім, бірақ болмады. Бір үйір жылқы сатып алатындай қаражаттан айырылдым, қарызға баттым. Ақырында ісімді тоқтатуға тура келді», — деп ағынан жарылды бұрынғы сержант.

Қолда бар қаражатынан айырылып, салы суға кеткен ол амалсыз елордаға қайта оралады. Күнкөріс қамымен шетелдік елшінің резиденциясында қарапайым күзетші болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Дәл осы кезеңде әлеуметтік желіден бұрыннан танитын әріптесі, полковник Рүстем Жантеновтің бастамасымен құрылған «neSPI» («Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастық») қоры туралы біледі.

«Оның қолға алып жатқан жобасының дұрыс екеніне көзім жеткен соң, осында келдім. Ол кезде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Осы жерге келіп, бір-екі күн қоқыс шығарып, көмектестім», — дейді ол.

Көп ұзамай бұл қадам оның өміріне жаңа серпін берді. Негізгі білімі педагог-психолог болғандықтан, 2024 жылы қор өкілдері оған Астанадағы №25 мектепке алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып орналасуды ұсынды. Мектепте бір оқу жылы қызмет еткен Әділет Сүлейменов кабинетте материалдық-техникалық база жетіспесе де, оқушыларды әскери бөлімдерге апарып, ант қабылдау рәсімдеріне қатыстырып, патриоттық ұйымдармен тығыз байланыс орнатты. Қазір ол Ақмола облысы Целиноград ауданы Жаңаесіл ауылындағы колледжде жастарға тәлім беріп, сабақ өткізіп жүр.

«Әскери өмірден шыққан адамға психологтың көмегі ауадай қажет»

Кейіпкеріміздің пайымдауынша, әскерден босаған жандарға бейбіт қоғамға бейімделу үшін арнайы қолдау орталықтары мен психологиялық көмек аса қажет. Әйтпесе, торығу мен ішкі күйзеліс адамды тұңғиыққа тартуы мүмкін...

«45 жасқа келген адам әскери ортадан бірден бөлініп қалған соң, «мен өмірдегі ең пайдасыз адаммын» деген ой келеді. Былай қарасаң әлі жассың, бірақ зейнеткерсің. Сосын адам жеке қалғанда миына түрлі қорқынышты ойлар келеді. Бәрі ондай ойлармен күресе алмайды. Көп жігіттер жеңілдікті ішімдіктен іздейді. Ішімдік ішкен соң бәрі жақсы сияқты көрінеді, организм оған үйрене береді», — деп түсіндіреді ардагер.

Ол осы қордың Петропавл қаласынан бұрынғы жоғары лауазымды әскери қызметкерді тауып келіп, емдеу мекемесіне жатқызып, қалыпты өмірге қайтарғанын мысалға келтірді. Оның пікірінше, Өскемен сияқты қысы қатты, әскерилер шоғырланған өңірлерде де осындай филиалдар ашылуы тиіс. Өйткені азаматтық ортадағы күйзеліске төзе алмай, ашуға бой алдырып, күш қолдану салдарынан темір торға тоғытылып жататындар да бар.

«Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастық» қоғамдық қоры сияқты екі ортада көпір болатын интеграциямен айналысатын ұйымдар керек... Әрі қарай қоғамға сіңіп кету өзіңнің қолыңда», — деп қорытындылады Әділет Сүлейменов.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.