Ақтөбеде эпилепсия мен инсульттан емдейтін күрделі оталар жасалды
Ақтөбелік дәрігерлер елордалық әріптестерімен бірге 10 науқасқа күрделі нейрохирургиялық ота жасады. Бұл туралы NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбелік дәрігерлер елордалық әріптестерімен бірге 10 науқасқа күрделі нейрохирургиялық ота жасады. Бұл туралы NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, 20-21 қараша күндері Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары өңірде арнайы шеберлік сабағын өткізген. Дәрігерлер өңір тарихында алғаш рет дәріге көнбейтін эпилепсияны емдеу үшін кезбе жүйкені ынталандыру (VNS-терапия) әдісін қолданып, сырқат адамға нейростимулятор орнатты. Сондай-ақ инсульт салдарымен және ми тамырларының тарылуымен күресетін бірқатар күрделі ота жасалды.
Қан тамырына стент салынған науқас Ырза Жұмағалиева операция алдында уайымдағанын жасырмады.
“Нейрохирургия бөлімінің қызметкерлері өте жылы жүзді, мейірімді екен. Күніне екі рет жағдайымызды сұрап, дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауымызды қадағалайды. Тамағы да, күтімі де көңілімнен шықты. Басында отадан қорқып, түнімен ұйықтай алмап едім. Қазір бәрінің сәтті өткеніне шексіз қуаныштымын. Дәрігерлерге алғысым зор”, – деді ол.
Бөлім меңгерушісі Руслан Қажығалиев жасалған он операцияның барлығы сәтті өткенін жеткізді. Енді ақтөбелік ақхалаттылар 2027 жылы өз эпилептологын даярлап, тағы бес науқасқа нейростимулятор қондыруды көздеп отыр.
Бұрын мұндай дертке шалдыққандар Астана мен Алматыға сабылып, ұзақ кезек күтуге мәжбүр болатын. Ең бастысы, қалтаға салмақ түсіретін осындай қымбат оталар тұрғындарға МӘМС аясында тегін жасалады.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.