Заңсыз криптоайналым және 3,6 млрд теңгеге онлайн-казиноға қызмет көрсету туралы іс сотқа жіберілді
Алматы облысында шетелдік дропперлер арқылы онлайн-казино үшін төлем қабылдау және криптовалюта айналымы схемасын ұйымдастырған үш адамға қатысты тергеу аяқталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымы және заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деп күдіктелген Алматы қаласының үш тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады, деп хабарлайды NewsAsia.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдіктілердің Қырғызстан азаматтарынан, соның ішінде студенттерден дропперлер желісін құрғаны анықталды. Шетелдіктердің Қазақстанға келу жолы, баспанасы мен тамағы төленіп, оларға телефондар мен SIM-карталар берілген, ал оның орнына ақшалай сыйақы беріліп, банк шоттарына қолжетімділік алынған. Төлем құралдары лицензиясыз USDT токендерімен сауда жасау үшін, сондай-ақ SkyPhoenix платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games және Sultan Games интернет-казиноларының транзакцияларын өңдеуге пайдаланылған. Сыбайластар өз қызметі үшін 4% комиссия ұстап отырған, ал шоттардағы жалпы айналым 3,6 млрд теңгеден асқан.
Криптосхеманы ұйымдастырған екі адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот санкциясымен үш жеңіл автокөлік пен жер теліміне тыйым салынды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.