Тәркіленген есірткіні ұрлау ісі: Атырау полициясының экс-басшысы Исаев сот алдына келді
Атырауда тәркіленген есірткіні ұрлап, сатып келген топқа қатысты сот басталды. Айыпталушылар арасында қалалық полицияның бұрынғы бастығы Бақтыбек Исаев та бар, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырауда тәркіленген есірткіні ұрлап, сатып келген топқа қатысты сот басталды. Айыпталушылар арасында қалалық полицияның бұрынғы бастығы Бақтыбек Исаев та бар, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл іс бойынша барлығы жеті адам жауапқа тартылып жатыр. Олардың ішінде полицияның экс-басшысы, оның орынбасары, есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкері, қалалық полицияның тылдық қамтамасыз ету бөлімінің екі қызметкері және екі әйел бар. Тергеу дерегінше, қойма қызметкерлері заттай дәлелдеме ретінде сақталған синтетикалық есірткіні ұрлап, оны саудалаған. Ал екі әйел оны таратуға көмектескен деп айыпталып отыр.
25 қарашаға белгіленген бірінші сот отырысы кейінге шегерілді. Айыпталушылардың бірі С. Гилажов басында денсаулығын айтып тергеу изоляторынан шығудан бас тартқан. Дәрігерлер тексерген соң оны сотқа жеткізгенімен, сотта ол танымал адвокат Нұрлан Жолболовтың қызметінен бас тартты.
"Сот айыпталушының мемлекет есебінен жаңа қорғаушы тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырды. Енді жаңа адвокат қылмыстық іс материалдарымен танысуы керек. Келесі сот отырысы 26 қараша күні сағат 10:00-ге белгіленді", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Бақтыбек Исаев 15 сәуірде ұсталып, қылмыстық іс қозғалған соң қызметінен босатылып, қамауға алынған. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі тәртіптің өрескел бұзылуына байланысты Атырау полициясының төрт басшысы бірден қызметінен шеттетілгенін растаған еді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.