Шымкенттегі дәмханада қатты сөйлеген жігіттер ескерту жасаған қызға стақан лақтырды
Шымкенттегі кофеханада келушілер арасындағы жанжал төбелеске ұласып, бойжеткеннің бірі ауыр жарақат алды. Оған бейтаныс ер адам стақан лақтырған.

Шымкенттегі "Кофемолка" кофеханасында келушілер арасындағы сөз таласы төбелеске ұласып, қыздардың бірі жарақат алды. Салдарынан бір бойжеткен тісі сынып, дәрігерге жүгінген, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің сөзінше, дау жігіттердің тым қатты сөйлеуінен басталған. Қатарлас үстелде үш қыз, екіншісінде бір топ ер адам отырған. Бойжеткендер көрші үстелдегілерден дауыстарын бәсеңдетуді өтінген соң жағдай ушығып кеткен.
Оқиға жайлы қала тұрғыны Диана Болшынбаева айтып берді. Оның екі құрбысы кофеханада отырғанда келген ер адамдар олармен танысқысы келіп, бас тартқан соң ұлтын сұрап, тиіскен.
“Екі құрбым отырып, тамақтанып жатқан. Кейін мына жігіттер келіп, қатты сөйлей бастады. Оларға ақырын сөйлеуді өтінді. Содан кейін олар қыздармен танысқысы келген, бірақ құрбыларым бас тартқан. Артынша ұлтын сұрай бастаған. Жанжал осы мәселеден кейін туындады”, – дейді Диана Болшынбаева.
Оның сөзінше, ер адамның бірі бойжеткенді балағаттап, “қой” деп атаған. Қыз қарсы пікір айтқанда, ол оған стақан лақтырған. Соққыдан қыздың ерні жарылып, тісі сынған, сондай-ақ шыны сынықтары қолын тіліп кеткен.
Бұзақылар тәртіп сақшылары келгенше қашып кеткен. Ал зардап шеккен қыз полиция күтіп, кейін медициналық көмекке жүгінді.
Шымкент қалалық полиция департаменті зардап шеккен қыздан арыз түскенін растады.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.