Садырбай 10 жылға сотталуы мүмкін: прокурор жаза сұрады
Қонаев қалалық сотында агросарапшы Алмасбек Садырбайға қатысты іс қаралып жатыр: мемлекеттік айыптаушы оған 10 жыл түрме жазасын тағайындауды өтінді. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қонаев қалалық сотында белсенді әрі агросарапшы Алмасбек Садырбайға қатысты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеудің мәліметінше, Садырбай ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген 1,2 миллиард теңгеге жуық субсидияны жымқырды деп айыпталып отыр. Ол ұсақ малды қолдан ұрықтандыруға берілетін ақшаны алу үшін жалған кооперативтер құрған деген күдікке ілінген. Іс алаяқтық, қылмыстық топ құру және заңсыз тапқан ақшаны жылыстату баптары бойынша тергеліп жатыр. Онымен бірге тағы алты адам сотталып жатыр.
Садырбай тағылған айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Ол сотта: “Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. Істе 500 том материал бар! "Алмасбек Садырбай ақша алды немесе біреуді алдады" деген сөзді естіп көрдіңіздер ме? Құжаттарда да, ауызша да ондай ештеңе жоқ”, – деген еді. Адвокат Анара Кусаинованың сөзінше, жеті айға созылған сотта прокурор қылмыстың нақты қандай дәлелдермен расталатынын түсіндіріп бермеген.
Еске салсақ, «Шопан-ата» қауымдастығының төрағасы болып, фермерлердің мәселесін жиі көтерген Садырбай 2024 жылғы 6 қарашада қамауға алынған.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.