Петров, Қабылов және Сембай жемқорлық күдігімен екі айға қамалды
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" серіктестігінің бұрынғы үш бірдей басшысы сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілігіп, екі айға қамауға алынды.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясының бұрынғы үш топ-менеджері жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды NewsAsia.kz қазақстандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, күдіктілер қатарында серіктестіктің бұрынғы бас директоры В.В. Петров, оның орынбасары К.М. Қабылов, сондай-ақ сатып алу бөлімін басқарған атқарушы директор А.К. Сембай бар. Олар 9 және 10 қараша күндері қолға түскен. Артынша, 11-12 қарашада сот санкциясымен үш күдікті де екі ай мерзімге қамалды.
ҰҚК өкілдері тергеу жүріп жатқанын алға тартып, басқа мәліметтерді жария етпеді. “Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін теміржол саласындағы ірі жемқорлық дауына байланысты "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" төрағасы Елжас Отыншиев те ұсталып, екі айға қамалған еді. Президент бұл жағдайды үлкен жемқорлықтың белгісі деп атаған соң, компания басшылығы ауысып, ҚТЖ тізгіні Ерсайын Нағаспаевқа өтті.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.