Әшімов есірткі бизнесінің жаңа амалдары туралы айтты: жасырын зертханалар мен күмәнді шоттар
Қазақстанда есірткімен күрес тек Шу алқабымен шектелмей, енді интернет пен банк карталарына дейін ауысты. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда есірткімен күрес тек Шу алқабымен шектелмей, енді интернет пен банк карталарына дейін ауысты. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, арнайы шараның үш айында 2 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, төрт қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған. Осы аралықта заңсыз айналымнан 21 тонна есірткі алынып, 25 фитозертхана әшкереленді. Ал 60 мың гектардан асатын Шу алқабын тексеруге тіпті ғарыштық мониторинг пен дрондар жұмылдырылған.
Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтің айтуынша, қазір басты мақсат — өнімнің қайдан шығып, ақшаның кімге түскенін анықтау болып отыр.
“Біздің басты міндетіміз – есірткіні өндіру, тарату және қаржыландыру арналарын жабу, қылмысты ұйымдастырушыларды анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тарту”, – деді Бағдат Әшімов.
Мәселен, Алматы облысында жаз басталғалы 12,6 тоннадан астам есірткі алынып, төрт жасырын орын жабылған, 32 адам қамауға алынды. Сондай-ақ есірткі жарнамалаған 695 сайт бұғатталып, 20 мыңнан аса төлем дерегі Антифрод орталығына жіберілген. Дәл осындай жағдай Ақмола облысында да байқалып, синтетикалық зертхана мен сырттан тасымалданған алты арна тоқтатылды, 18 күдікті ұсталды.
Еске салсақ, ІІМ өкілі Елдар Әбдікеновтің мәліметінше, биыл бес айда есірткі саудасына қатысы бар 12 мыңдай сайт жабылып, 107 миллион теңгеден астам күмәнді аударым тоқтатылған. Яғни қауіп көшеде ғана емес, онлайн кеңістікте де қатар жүріп жатыр.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.