Zara мен Massimo Dutti неге қымбат: шетелдік брендтердің біздегі бағасы Еуропадан неге асып кетті
Қазақстанда әлемге танымал брендтердің киім-кешегі мен сөмкелері Еуропадағы ресми бағасынан әлдеқайда қымбат сатылып жатыр. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандағы дүкен сөрелерінде тұрған танымал брендтердің тауарлары Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Мысалы, сөмке немесе кроссовка үшін қазақстандықтар орта есеппен 30 мың теңгеге дейін артық төлеуге мәжбүр, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жүргізілген баға салыстыруына қарасақ, Massimo Dutti-дің былғары сөмкесі Еуропада 99,95 еуро (шамамен 49 874 теңге) болса, Қазақстандағы ресми дүкенде 80 мың теңгеге сатылады. Айырмашылық — 60,4%. Ал Zara джинсылары Еуропада 30 мың теңгеге жетпейтін сомаға бағаланса, бізде 35 990 теңге тұрады. Adidas Samba топтамасы да бізде 89 990 теңгеден басталса, шетелдегі OG моделі шамамен 59 879 теңгеден саудаланған. Люкс санатындағы Dior Saddle Bag сөмкесінің бағасындағы алшақтық тіпті 3,3 миллион теңгеге жетеді.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, бұл қымбатшылық бірнеше нақты себепке байланысты:
«Мұның қатарында валюта бағамы, логистика, кедендік баж, салық, қаржыландыру құны және бренд пен сатушының үстеме бағасы бар», – делінген хабарламада.
Қазақстанның теңізге тікелей шығар жолы жоқ, тауар бірнеше шекара мен транзиттік бағыт арқылы жетеді. Оған қоса импорттаушылар теңге құнсыздануы мүмкін деген қауіпті бағаға бірден қосады. Сондықтан жаңа киім алғанда, қалтаңыздан шыққан ақша тек затқа ғана емес, күрделі жол мен делдалдар шығынына да кетіп жатқанын түсінген абзал.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.