26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Қазақстанға таза тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 470,6 млн долларға дейін төмендеді

Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға тартылған таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 470,6 млн долларды құрады. Бұл туралы NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанға таза тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 470,6 млн долларға дейін төмендеді
Фото: Aikyn.kz

Шикізаттық емес секторда шетелдік капитал өсімі тіркелгенімен, ірі мұнай-газ жобаларының өндірістік кезеңге өтуі аясында жалпы көрсеткіштердің баяулауы байқалады.

Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға тартылған таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 470,6 млн долларды құрады. Бұл туралы NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәліметтер бойынша, есепті кезеңде елге тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 9,4 млрд долларға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,8%-ға аз. Ал шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелерді өтеу сияқты қарсы бағыттағы инвестициялық операциялар ескерілгеннен кейін, таза ТШИ ағыны 49,3%-ға қысқарып, 470,6 млн доллар болып бекітілді. Өткен жылдың осы аралығында аталған көрсеткіш 928,5 млн долларды құраған еді. Қайта инвестицияланған табысты есепке алмағандағы таза ТШИ көлемі алдыңғы жылғы 647,1 млн доллардан 2026 жылы 501,6 млн долларға дейін кеміген. Сонымен қатар биыл алғашқы алты айда шетелге қайта инвестицияланған 31 млн доллар табыс әкетілген болса, бір жыл бұрын бұл көлем шамамен 1,7 млрд долларды құраған.

Капиталдың салалық құрылымында өзгерістер орын алуда. Сарапшы Нұр Қанатұлының мәліметінше, тау-кен өндіру өнеркәсібінен тыс салалардағы таза инвестиция ағыны керісінше 3,2 млрд доллардан 4,3 млрд долларға дейін өсім көрсеткен. Halyk Finance мамандарының талдауынша, жалпы инвестицияның қысқаруына негізгі себеп — мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың, атап айтқанда Теңіз кен орнын кеңейту жұмыстарының құрылыс кезеңінен пайдалану кезеңіне көшуі болып табылады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейіп келе жатқанын, бірақ елде инвесторларды тарту жүйесінде бірізділік пен үйлесім жоқ екенін айтқан болатын. Президенттің сөзінше, бірқатар мемлекеттік мекемелерге бірдей өкілеттіктер берілгендіктен, инвестициямен жүйелі айналысатын нақты органды айқындап, істі бір орталықтан басқару қажет.

Дүниежүзілік банк те ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін нарықтағы бәсекелестікті арттыру, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету маңызды екенін алға тартады.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.