Қазақстан мен Қытай энергетика саласында бірлескен зерттеу орталығын ашады
Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайға жұмыс сапары кезінде China Energy Engineering Group басшылығымен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайға жұмыс сапары кезінде China Energy Engineering Group корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ни Чжэньмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Кездесуде жекелеген жобалардан кешенді ғылыми-техникалық әріптестікке көшу мәселесі қаралып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында бірлескен зерттеу орталығын құру бастамасы қолдау тапты. Шетелдік инвестордың аналитикалық тәжірибесі ірі инфрақұрылымдық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға және энергетика жүйесін цифрландыруға жұмылдырылмақ. Сондай-ақ тараптар сутегі өндірісін дамыту, қуаты 2 ГВт болатын «Екібастұз – Балқаш» тұрақты ток электр желісін салу және заңнамалық базасы дайындалып жатқан өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін енгізу жайын пысықтады. Жиында Ерлан Ақкенженов: «ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру, тұрақты ток технологияларын және энергия сақтау жүйелерін дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға тікелей ықпал етеді», – деп мәлімдеді. Бұған қоса, Түркістан облысындағы 300 МВт «Сауран» күн электр станциясын осы жылдың соңына дейін мерзімінен бұрын желіге қосу және Қарағанды облысында 500 МВт жел электр станциясы құрылысын бастауға арналған келісім шарттары нақтыланды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.