Қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пункті жаңғыртудан соң қайта ашылды
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жаңғыртудан өткен «Жібек жолы» және «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ресми түрде өз жұмысын қайта бастады.

Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасындағы жаңғыртылған «Жібек жолы» және «Гишт-Куприк» өткізу пункттері ресми түрде қайта ашылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап. Нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Кучкаров бастаған ресми тұлғалар қатысты. Ауқымды қайта құру аясында жалпы көлемі 10 мың шаршы метрге жуықтайтын екі жолаушылар терминалы бой көтеріп, көлікке арналған қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ өткізу бекеті төлқұжатты тексеруге арналған 82 кабинамен, 20 автоматтандырылған Qgate жүйесімен және заманауи кедендік тексеру кешендерімен жабдықталған. Жаңартылған инфрақұрылым қарбалас кезеңде тәулігіне 100 мың адамға дейін өткізуге қауқарлы. Бұл жоба шекарадан өту уақытын жылдамдатып, бауырлас екі мемлекет арасындағы көлік қатынасын, сауда-экономикалық және туристік байланыстарды жандандыруға серпін береді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.