Инвесторлар Ақтөбедегі жүн өңдеу жобасына 5,3 млрд теңге бағыттады
Ақтөбе облысында биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 16,5 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысында биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 16,5 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметтер бойынша, өңірде 10 айдың ішінде өндірілген аграрлық өнім көлемі 396,1 млрд теңгеге жетті. Қазіргі уақытта облыстағы қой мен ешкі басы 1,18 млн-ды құрап отыр. Мал басының өсуімен қатар шикізатты терең өңдеу бағытында да жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өңірде 2025 жылы жалпы құны шамамен 6 млрд теңге болатын, оның ішінде негізгі инвестициялық құны 5,3 млрд теңгені құрайтын қой жүнін өңдеу кәсіпорны іске қосылған еді. Өндіріс қуаты жылына 3 600 тонна шикізат өңдеп, 2 100–2 200 тонна дайын өнім шығаруға есептелген.
Жаңа өндірістік модель аясында кәсіпорын Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының мал өсірушілерінен шикізат қабылдауды жолға қойған. Өнім сапасына қарай бағаланады: бірінші сұрыпқа базалық бағаның 100 пайызы, екінші сұрыпқа 80 пайызы, ал үшінші сұрыпқа 50 пайызы төленеді. Өзара есеп айырысу екіжақты шарт негізінде, жүкқұжат және электрондық шот-фактура арқылы шаруалардың есепшотына қаржы аудару жолымен жүзеге асады.
Байғанин ауданындағы «Мұңал» шаруа қожалығының жетекшісі Сауыт Ғазиздің сөзінше, оның қожалығындағы 8 мың қойдан көктемде 16–20 тонна жүн қырқылады. Алайда шалғай өңірлердегі логистика шығындары мен сақтау машақатына байланысты мал өсірушілер шикізатты облыс орталығындағы өңдеу зауытына жеткізуге әлі де толық тартылмай отыр, салдарынан шикізаттың бір бөлігі пайдаланылмай қалуда.
Зауытта табиғи қой жүнінен тоқыма емес жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер мен өнеркәсіптік сүзгілер өндіріледі. Аталған өнімдер ішкі нарықтан бөлек, алдағы уақытта экспорттық бағыттарға да бағдарланған.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.