Ақкөлдегі кәсіпорын Қытайға жем ұнын экспорттауды жоспарлап отыр
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданындағы «МКМ Евразия» кәсіпорнына барып, Қытайға жем ұнын экспорттайтын жаңа цехтың жұмысымен танысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданына жұмыс сапары барысында «МКМ Евразия» серіктестігінде болып, жем ұнын өндіретін жаңа цехтың техникалық тұрғыда іске қосылу барысымен танысты, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Астықты сақтау мен жем шығарумен айналысатын кәсіпорында тазалау құрылғылары жаңартылып, элеватордың бір мезгілде астық сақтау сыйымдылығы 30 мың тоннаға жеткізілген. Қазіргі кезде жаңа технологиялық қондырғыларды сынақтан өткізу аясында сағатына 2 тонна өнім дайындалып жатыр, ал барлық баптау жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көлемді сағатына 30 тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жылына 96 мың тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік беретін нысанның негізгі сауда нарығы Қытай Халық Республикасы болмақ. Өңір басшысы астықты терең өңдеу мен шикізат экспортынан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға көшудің мәні зор екенін атап өтіп, бұл жоба ауданның өндірістік әлеуетін нығайтуға әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетінін білдірді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.