Желідегі гүл дауы: Дубайдағы суреттен бастап Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаеваға дейін
Әлеуметтік желіде танымал блогер әрі жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Дубайда түскен суретін ұсынды. Қызу талқыға түскен жайттың қалай өрбігенін NewsAsia.kz шолуынан оқыңыздар.

Әлеуметтік желіде танымал блогер әрі жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Дубайдағы қонақүйден бір шоқ гүлмен түскен фотоларын ұсынды. Желі қолданушыларының назарын аударып, қызу талқыға түскен жазбаның несімен есте қалғанын NewsAsia.kz материалынан оқыңыздар, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиғаның мән-жайы
Танымал блогер Дубай қаласындағы қонақүй бөлмесінде үлкен гүл шоғын ұстап тұрып, бірнеше суретке түскен. Ол осы суреттерді Instagram парақшасына жүктеп, сый иелеріне ризашылығын білдірген және жазба соңына жүрек белгісін қалдырған. Алайда бұл фотокадрлар көпшіліктің түрлі пікірін туғызды.
Жазба төңірегіндегі пікірталас Instagram желісінен асып, Threads пен TikTok платформаларына да жетті. Кейбір қолданушылар ер азаматқа гүл сыйланғанына таңырқап, оның неліктен мұнша қуанғанын сұраса, енді біреулері оның тұрысын келемеждеп, жеке өміріне қатысты жорамалдар айта бастады. Сынаушылар тарапынан «Не қуып қуанып тұр гүл алғанына?», «Менен жақсы сызылып, майысып тұр ғой» деген пікірлер айтылды.
Дегенмен кәсіпкерді жақтағандар да табылды. Оқырмандар блогердің өз қызметкерлеріне жанашырлық танытатынын, қайырымдылықпен айналысып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүргенін алға тартты. Олар қоғамның жақсы істерді елемей, сынға бейім тұратынына қынжылыс білдірді. Бір оқырман «Өте мейірімді, жаны таза адам. Жұрт соны көрмейді ғой, хейт жазғанға дайын тұрады» деп жазса, тағы бір қолданушы адамның қалай суретке түсетіні өз еркінде екенін еске салды.
Нұрхан Нұрмаханбет
Нұрхан Нұрмаханбет — шығармашылық саласында еңбек етіп жүрген жас кәсіпкер. Ол интерьер дизайнымен, соның ішінде перде сәндеу ісімен айналысады әрі әсем дүниелерді бағалайтынын айтады.
Желідегі әңгімелерден кейін блогер арнайы бейнеүндеу жариялап, барлық мән-жайды өзі түсіндіріп берді. Ол таңертең телефонды қосқанда жағдайдың осыншалықты қызып кеткенін бір-ақ білгенін айтты.
— Бүгін таңертең тұра сала Instagram-ға кірсем, телефоным жарылып жатыр. Біріңізден біріңіз өтіп, ауыздарыңызға келгенді жазып жатырсыздар. Threads-те, Instagram-да, TikTok-та «Ойбай, Нұрханға гүл келіпті», «Нұрханның демеушісі бар», «Нұрхан сатылып жүр», «Нұрханға гүлді не үшін береді? Бұл ер жігітке тән қасиет емес» деген сөздер тарап жатыр. Құрметті оқырмандар, артық кетсем, кешіріңіздер. Бірақ менің де өз өмірім, өз шекарам бар. Бұл видеоны өзімді қорғау үшін де, ақталу үшін де түсіріп тұрған жоқпын, — деді ол.
Кәсіпкер Дубайдағы құрбылары оны қарсы алып, «Дубайға қош келдің» деген ниетпен қонақүйіне гүл жібергенін нақтылап берді.
— Мен шығармашылықтың адамымын. Интерьер дизайнымен, соның ішінде перде сәндеумен айналысамын. Әдемілікті жақсы көремін. Бұл гүлді маған Дубайдағы достарым жіберді. «Достарым» дегенде тағы басқаша ойлап қалмаңыздар. Нақтылап айтайын, қыз достарым жиналып, осындай гүл жіберген. «Дубайға қош келдің!» деп жылы лебіздерін білдірді. Мені қыдыртты, қонақүйіме гүл жіберді. Бұл – сыйластықтың белгісі, достар, — деп түсіндірді блогер.
Сонымен бірге ол гүлді қуанышта да, туған күнде де сыйлайтынын еске салып, оқырмандарынан өзгенің жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
— Мән-жайды білмей жатып, артық кетіп, маған неше түрлі сөз жазып жатырсыздар. Өздеріңізге күнә жинамаңыздар. Әркімнің өз ақылы, өз өмірі бар. Мұны ақталайын деп айтып жатқан жоқпын. Бұл видеоны сіздер түсінсін деген мақсатта түсіріп отырмын. Ешқандай жігітпен жүрмеймін. Бұл гүлді маған жігіт жіберген жоқ, — деді Нұрхан Нұрмаханбет.
Ол достары ұсынған сый-құрметті алдағы уақытта да қуана қабылдай беретінін жеткізді.
Бұл талқылау әлеуметтік желідегі көзқарастардың қаншалықты әртүрлі болатынын көрсетті. Біреулер үшін гүл шоғы достық сыйластықтың белгісі болса, өзгелер оны жеке кеңістікке қол сұғуға сылтау етті. Бұған дейін жас кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбетке Жанар Айжанова мен Салтанат Бақаева алтын таққаны туралы жазған едік.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.