26 қараша 2026 Астана 0° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Жастар оқысын деп: Астана кофеханаларына қазақша кітаптар таратыла бастады

Астана кофеханаларына қазақ тіліндегі кітаптар қойыла бастады, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жастар оқысын деп: Астана кофеханаларына қазақша кітаптар таратыла бастады
Фото: Turkystan.kz

Астана кофеханаларына қазақ тіліндегі кітаптар қойыла бастады, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап. Бастаманы қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағының жергілікті филиалы бірлесіп қолға алған. Жобаның негізгі мақсаты — қала тұрғындарын, әсіресе жастарды кітап оқуға тарту.

Бұл туралы "TÚRKISTAN" газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы желідегі парақшасында жазды. Ұйымдастырушылар әуелі 40 шақты орынға он-он бестен кітап таратып көрген. Нәтиже жақсы болған соң, тұрғындар мен қаламгерлерден кітап жинап, қорды 1500 данаға жеткізген. Басқарма басшысы Сәкен Есіркеп пен Бауыржан Бабажанұлы бұл шаруаны журналистерге таныстырып, кофеханаларға кітап тапсыру сәтін көрсетті.

«Астанада 1 мыңға жуық кофехана бар екен! Біз 200-ге жуығымен байланыс орнатып үлгердік. Әлі 800-ге жуығы бар. Соның бірінде сіздің немесе сіз ұсынған кітап жатса, ғажап емес пе? Сауабы да сізге тиер еді! Өз еліміз, өз астанамыздың кофеханасында өз кітабымыз тұрсын!», – деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.

Енді ұйымдастырушылар зиялы қауым мен қала тұрғындарынан үйдегі оқылған артық кітаптарды тапсыруды сұрап отыр. Жиналған басылымдар біртіндеп елорданың басқа да кофеханаларына таратылады.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.