«Томирис» балетінің әлемдік премьерасы: ұлттық аспаптардан «300 спартандық» пен Рубенске дейін
Елордада «Астана Опера» театрының ұжымы сақ патшайымына арналған «Томирис» ұлттық балетін таныстырды. Айтулы жаңа қойылымның несімен есте қалатынын NewsAsia.kz шолуынан оқыңыздар, деп хабарлайды басылым El.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордада өткен баспасөз мәслихатында «Астана Опера» театрының ұжымы сақ патшайымына арналған «Томирис» ұлттық балетін көпшілікке таныстырды. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған айтулы тарихи қойылымның қалай дүниеге келгенін және несімен есте қалатынын NewsAsia.kz шолуынан оқыңыздар, деп хабарлайды басылым El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қойылым қалай ұйымдастырылды
Ауқымды спектакль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 26-27 қараша күндері театрдың Үлкен залы сахнасында көрерменге жол тартады. Бұл туынды — «Астана Опера» театрының өз күшімен әзірлеген алғашқы толық форматты ұлттық балеті. Ұлы дала өркениетінің рухын бейнелейтін жаңа туындыда заманауи хореография, қазақ биі және классикалық балет өнері өзара үйлесім тапқан.
Ермек Аманшаев: Рубенс пен спартандықтар үндескен тарих
Қойылымның либреттосын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі драматург Ермек Аманшаев жазған. Автордың бұл идеяны көтеріп, дайындағанына бір жылдан астам уақыт өткен. Ол өз сөзінде Томирис дәуірі мен көпке танымал «300 спартандық» фильмінде баяндалатын оқиғалар арасында тарихи сабақтастық барын тілге тиек етті.
— Біздің мемлекеттігіміздің ғасырларға созылған даму жолы бар. Оның барлығы кеше ғана немесе аз уақыттың ішінде қалыптаса қойған жоқ. Ұлы даланың өз ұлы тұлғалары бар. Солардың ішіндегі ең киелі, ең маңызды тұлғалардың бірі – Тұмар патшайым, — деді Ермек Аманшаев.
Драматург еуропалық өнер тарихында, оның ішінде фламанд шебері Рубенстің туындыларында сақ патшайымының тұлғасы кеңінен көрініс тапқанын еске салды.
— Кир мен Томирис арасындағы оқиғалар Фермопил шайқасынан шамамен жарты ғасыр бұрын болған. Томирис өз дәуірінің геосаясатында аса маңызды рөл атқарған тұлға. Біздің пайымымызша, ол Кирдің Элладаға бағытталған жорығын жарты ғасырға жуық уақытқа тоқтатты. Бұл оның өз заманында қаншалықты ықпалды тұлға болғанын аңғартады, — деп айтып берді либретто авторы.
— Бұл – тарихқа деген құрмет, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Олардың өмірі бізге ұлылықтың, Отанға қызмет етудің үлгісін көрсетеді. Көрермен Томиристің әйел ретіндегі тағдырының қаншалықты ауыр әрі күрделі болғанын да көреді. Біз осы құндылықтарды тағы бір мәрте еске салғымыз келеді, — деп толықтырды ол.
Сұлтанбек Ғұмар: отандық мамандарға сенім және ұлттық аспаптар
Балеттің қоюшы хореографы Сұлтанбек Ғұмар үшін аталған туынды шығармашылығындағы үлкен белес болып отыр. Себебі бұл — оның өнер жолындағы алғашқы екі актілі балеті. Спектакльде домбыра, сазсырнай және сыбызғы аспаптары қолданылған.
— Бұл мен үшін өте маңызды қойылым. Осындай ұсыныс түскен кезде қатты толқыдым. Әрине, бұл – үлкен жауапкершілік. Осыған дейін театрымыздағы ұлттық балеттердің көбін шетелдік мамандар қойып келсе, бұл жолы сол міндетті осы театрда өсіп-жетілген адамға сеніп тапсырды. Сондықтан жауапкершілікті жоғары деңгейде атқаруға тырыстық, — деп еске алады қоюшы хореограф.
— Хамит ағамен таң демей, түн демей студияда жұмыс істедік. Мен билесем, Хамит аға сол қимылдарымды музыкаға айналдыратын. Бастапқыда туындыны симфониялық оркестр арқылы жеткізу ойымызда болды. Алайда бұл ұлттық балет болғандықтан, домбыра, сазсырнай, сыбызғы секілді аспаптарымызды пайдаландық. Олар қимыл арқылы ойды жеткізуге үлкен еркіндік берді, — деді Сұлтанбек Ғұмар.
Хамит Шаңғалиев: қимыл мен екпіннің тұтастығы
Балет музыкасының авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Хамит Шаңғалиев. Ол дыбыс пен пластиканың байланысына баса назар аударған.
— Барлығы мұқият ойластырылған. Бұған қойылымды тамашалаған кезде өздеріңіз де көз жеткізесіздер. Музыкадағы әрбір екпінге, әрбір нотаға сәйкес қимылдар мінсіз қойылған. Сондықтан бұл – өте ауқымды әрі асқан ұқыптылықпен атқарылған жұмыс, — деді Хамит Шаңғалиев.
Алтынай Асылмұратова: ұлттық мәдениетті сезіну
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова ұлттық өнімнің өз сахнасында тууы бұрыннан келе жатқан мақсат екенін айтты. Ол бұған дейін хореограф пен композитордың «Жыл мезгілдері» қойылымында сәтті бірлесіп жұмыс істегенін атап өтті.
— Бұл – ауқымды, өте маңызды әрі көптен күткен оқиға. Тіпті менің арманым еді деуге болады. Ұлттық балеттің жай ғана есеп үшін қойылған спектакль емес, шынайы өнер туындысы болғанын қаладым. Оны қазақ мәдениетін терең түсінетін, сол мәдениет бойына сіңген адамдардың жасағанын армандадым. Өз хореографымыз, өз композиторымыз, өз суретшіміз болғанын қаладым. Мұның құны өте жоғары, — деді Алтынай Асылмұратова.
— Олар жай ғана жұмыс істемейді, өнерді сезінеді. Кейбір тұстарында көзіңе жас келеді, өйткені бәрі шынайы, — деп түйіндеді көркемдік жетекші.
«Томирис» балетінің премьерасы тарихи жады мен заманауи театр тәсілдерінің қаншалықты тоғыса алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Біреулер үшін бұл қойылым ұлттық шежірені еске алу мүмкіндігі болса, енді біреулер үшін отандық балет өнерінің жаңа белесіне айналмақ.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.