Киіз үй феномені: көне петроглифтерден бастап Абайдың 150 жылдығына дейін
Көшпелілер өркениетіндегі киіз үйдің құрылымы мен терең тарихы көпшілік назарына ұсынылды. Дала сәулетінің ерекшелігі жайында Aikyn.kz материалына сүйенген NewsAsia.kz шолуынан оқыңыздар.

Ұлы дала төсіндегі көшпелі халықтың баспанасы саналған киіз үй бүгінде адамзат мәдениетінің бірегей мұрасы ретінде бағаланады, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz басылымына сілтеме жасап. Хинган тауларынан Карпат тауларына дейінгі 7,5 мың шақырымға созылған алып аймақты мекендеген көшпенділер мыңдаған жыл бойы қоныс аударуға ыңғайлы осы баспана түрін қолданып келді.
Құрылымы мен тарихы қалай қалыптасқан
Киіз үй туралы алғашқы деректер қола дәуірінен, яғни біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдардан бастау алады. Бұған Алтай таулары, Сібірдегі Баяр жартасы мен Қырым тастарындағы петроглифтер, сондай-ақ Пазырық және Нои-нулин қорғандарынан табылған жәдігерлер дәлел. Тарихи жазбаларда грек тарихшысы Геродоттың, үйсін еліне барған Шиджүн ханшайымның, кейінірек Земарх, Плано Карпини, Рубрук пен Ибн-Батута сынды саяхатшылардың күнделіктерінде осы ақ ордалар суреттелген. Бір қызығы, бұл құрылымда бірде-бір темір шеге қолданылмайды, ол тек ағаш, қайыс, қыл арқан және киізден құрастырылады.
Егеухан Мұқамәдиқызы: табиғатпен үндескен тазалық
Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын Егеухан Мұқамәдиқызы көшпелілер баспанасының ең басты артықшылығы оның тұрмысқа қолайлылығы мен қоршаған ортаға тигізер зиянының жоқтығында деп есептейді.
— Қазақтың киіз үйіне жететін үй жоқ. Бір жерге көшіп барсаң, киіз үйді тіге салып отыра қаласың. Ал көшіп кетсең, жұртыңда түк жоқ. Мынадай мысал айта кетейін: Сағынайдың асында 3 мың киіз үй тіккен дейді. Бертінде, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында 1,5 мың киіз үй тігілді. Мың жарым киіз үй Жидебайдың алқабын түгел алды. Үш күн ойын-той болды, айтыс болды. Қарақұрым адам жиналды. Сол халық тарап, той біткеннен кейін киіз үйді жықты да, көлікке артып кетті, жұртында түк қалған жоқ, — деп еске алады ол.
Ұлан Үмітқалиев: ғылым мен нанымның тоғысы
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлан Үмітқалиев археологиялық деректер мен киіз үйдің физикалық ерекшеліктеріне назар аударады. Ғалымның айтуынша, Шығыс Қазақстаннан табылған мәліметтер киіз басудың шамамен төрт мың жыл бұрын басталғанын көрсетеді.
— Мәселен, Шығыс Қазақстандағы археологиялық қазбалар кезінде жерленген адамның астына төселген киіз табылды. Бұл киіздің шамамен төрт мың жыл бұрын да болғанын дәлелдейді. Киіз – көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі. Көшпенділер қой мен жылқыны тіршілігіне тиімді пайдаланды. Жылқыны көлік қылып мінсе, қойдың жүнінен киіз басып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасады. Сонымен қатар біздің жеріміздегі қола дәуірі тайпалары кен байлығын игеріп, металлургиямен айналысқан. Осы кәсіптердің дамуы олардың көшпелі өмір салтына ойысуына ықпал етті, — деді ғалым.
Сонымен қатар тарихшы үйдің сәулеті мен шаңырақтың күрделі мәніне тоқталды:
— Шаңырақтың өзі шеңберленіп келіп, ортасына шыбықтар орнатылады. Ата-бабамыз сол күлдіреуіштен күннің көзін көріп отырған. Күннің шығуы мен батуын бақылап, уақытты белгілеген. Айға қарап та жорамал жасаған. Сонымен қатар шаңырақ мұржа қызметін де атқарған. Жалпы, шаңырақ деген қазақ халқы үшін өте қасиетті ұғым ғой. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек осы түсініктен туындаған, — деп түсіндірді маман.
Ғалымның айтуынша, бұрышсыз дөңгелек пішін желге қарсы тұруға және ішкі жылуды реттеуге өте тиімді:
— Киіз үй көшпелі өмір салтына барынша бейімделген. Бұрышсыз, дөңгелек пішіні желге төзімді болуына көмектеседі. Оның жылуды сақтау ерекшелігі де бар. Физика заңдылығы бойынша ыстық ауа жоғары көтеріледі. Мәселен, ошақтағы оттың түтінін шығару үшін алдымен түндік ашылады. Оттың шоғы қызғанда түндік жабылады. Сонда жоғары көтерілген жылу киіз үйдің ішіне біркелкі тарап, жылуды сақтауға мүмкіндік береді. Жылу бар жерде жарық бар, жарық бар жерде жақсылық та көп болады ғой, — деп атап өтті Ұлан Үмітқалиев.
Киіз үй мәдениеті ұлттық дәстүрлердің қаншалықты сан қырлы екенін айқын көрсетті. Біреулер үшін ол тек көшпелілердің жылжымалы үйі ғана болса, енді біреулер үшін бүкіл әлем мен ғарыштың кішірейтілген бейнесі іспетті.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.