26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

28 жекпе-жек және бір турнирдегі қос міндет: Азия чемпионы Қаусар Естеусіз АҚШ-тағы қадамы туралы айтты

Азия чемпионы, қазақстандық каратэші Қаусар Естеусіз АҚШ-тағы турнирде спортшы әрі төреші ретінде бақ сынап, халықаралық мансабындағы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

28 жекпе-жек және бір турнирдегі қос міндет: Азия чемпионы Қаусар Естеусіз АҚШ-тағы қадамы туралы айтты
Фото: Aikyn.kz

Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қаусар Естеусіз АҚШ-та өткен NYC Queens Karate Championship бәсекесінде жеңіске жетіп қана қоймай, төрешілік қызмет атқарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған жарысқа барлығы 228 спортшы қатысқан. Онда 18 бен 34 жас аралығындағы әйелдер санатында кумите бағдарламасы бойынша күш сынасқан отандасымыз қос кездесу өткізіп, екеуінде де қарсыластарынан басым түсті. Дегенмен спортшы бұл турнирде тек татамиге шығумен шектелмей, арнайы сынақтан өтіп, қазылар алқасының қатарына қосылған.

– Турнир алдында төрешілік емтиханынан өтіп, барлық санаттағы жекпе-жектерді бағаладым. Бір жарыста әрі спортшы әрі төреші болу – үлкен жауапкершілік. Себебі татамиге шыққанда жеңіске жетуге бар күшіңді салсаң, төреші ретінде әр шешіміңе мұқият болуың керек, – дейді Қаусар.

Спортшының халықаралық деңгейдегі статистикасы да ауқымды көрсеткіштерді құрайды. Ол кәсіби мансабындағы жеңістерімен қатар сәтсіз өткен кездесулері де шеберлігін шыңдауға ықпал еткенін атап өтті.

– WKF рейтингі бойынша сегіз халықаралық турнирде 28 жекпе-жек өткіздім. Оның 21-інде жеңіске жетіп, жетеуінде жеңілдім. Бірақ әр жеңілістен сабақ алдым. Әр жарыс – өзімді шыңдаудың мүмкіндігі. Кейде жеңілістің өзі келесі жеңіске бастайтын маңызды тәжірибе болады, – деді ол.

Айта кету керек, Қаусар тоғыз жасында Грузияның Батуми қаласында өткен шотокан каратэсі бойынша әлем кубогында 20 елден жиналған 800-ден астам спортшының арасынан оза шауып, топ жарған еді. Осыдан бес жыл бұрын кадеттер арасында 47 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанды. 2022 жылдың тамызында елордада ұйымдастырылған II NUR-SULTAN CUP жарысында алтын еншілеп, Түркияның Конья қаласында өткен әлем чемпионатына жолдама алды. Ал 2023 жылы Хорватияның Пореч қаласында 72 елдің 3 275 спортшысы бақ сынаған Karate1 Youth League додасында Қазақстан қоржынына түскен 7 жүлденің ішіндегі жалғыз алтын медальді дәл осы Қаусар иеленген болатын.

Қазіргі таңда АҚШ-тың Вирджиния штатында тұратын спортшы бапкер Ашок Кумардың қарамағында жаттығуын жалғастыруда. Ол бұған дейін Жамбыл облысында 6-16 жас аралығындағы балаларды баптаған тәжірибесін алдағы уақытта шетелде дамытып, жаңа жобаларды іске асыруды және желтоқсанда Лас-Вегаста өтетін жиынға қатысуды көздеп отыр.

– Жас спортшыларға қорықпау керек дер едім. Тоғыз жасымда да осыны айтқанмын: ішкі сенім болса, жеңіс те келеді, – деп түйіндеді спортшы.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.