Жақын галактикалар, нақты ғылымдардың пайдасы мен болашақ технологиялары туралы: Астанадағы зерттеушінің шынайы әңгімесі
Физик Мэтью Смит ғылым жолын бастағанда ғарышты зерттеу алгоритмдерден бастап қауіпсіздік жүйелеріне дейінгі күнделікті тұрмысқа қалай әсер ететінін елестетпеген де еді, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz-ке сілтеме жасап.

Физик Мэтью Смит табиғаттың іргелі заңдарын зерттей бастағанда ғарыштық ауқым мен жердегі тәжірибенің – студенттік эксперименттерден әуежайлардағы қауіпсіздік жүйелеріне дейін қалай ұштасатынын тіпті ойламаған, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде Астанадағы британдық жоғары оқу орнының зерттеушісі студенттерге нақты ғылымдарды оқытып, ғарышты зерттеумен айналысады. El.kz журналисімен өткен ашық әңгімеде кейіпкеріміз физика неліктен зертханадағы қателіктерден басталатынын, STEM бағытының түлектері қайда жұмыс табатынын және мемлекеттер не үшін астрономияға қаржы құюы керектігін егжей-тегжейлі айтып берді.
«Мұнда біз студенттерді ғылыми ойлауға үйретеміз»
Мэтью Смиттің негізгі мамандығы — физик, алайда ол ғылыми қызметін ғарыштық құрылымдарды зерттеуге арнаған. Ғалым Қазақстан астанасында болашақ мамандар үшін практикалық сабақтар өткізеді.
«Менің зерттеу бағытым – астрофизика. Мен жақын галактикаларды зерттеймін, ал мамандығым бойынша физикпін. Мұнда біз студенттерді ғылыми түрде ойлауға баулимыз, сондықтан курсымыз тәжірибеге негізделген», — деп түсіндіреді зерттеуші.
Университеттегі оқыту процесі нақты зерттеу жұмысына терең бойлауға бағытталған. Дайын формулаларды жаттаудың орнына студенттер өлшеудің тікелей тәжірибесімен бетпе-бет келеді.
«Әдетте біз физика бойынша есептер шығарып, студенттерге өз тәжірибесінен үйренсін деп эксперименттерді өздері жасауды ұсынамыз. Осылайша олар нақты деректер алып, кейін өздеріне сұрақ қоя бастайды. Эксперименттің қандай шектеулері бар? Нені жақсартуға болады? Олар шамаларды қаншалықты дәл өлшеп отыр?» — деп әдістемесімен бөлісті педагог.
«Ең алдымен, аналитикалық ой-өріс қажет»
Астрофизиктің пікірінше, пәндерді ойдағыдай меңгеру үшін ерекше ойлау жүйесі және әрбір есептеу қадамына сыни баға беруге дайын болу керек.
«Ең алдымен, аналитикалық ой-өріс қажет. Деректер мен сандарға қарап, олардың нені білдіретінін түсіне білу маңызды. Математика көмектеседі, өйткені біз заңдар мен формулаларды деректерге қолданамыз. Сонымен қатар логикалық тұрғыда ойлану, өз тұжырымдарыңды саралау және кейбір практикалық дағдыларды меңгеру маңызды», — дейді кейіпкеріміз.
Бұл ретте нақты білімнің пәнаралық сипаты түлектерге орасан зор кәсіби еркіндік сыйлайды. Алған құзыреттер академиялық институттардан тыс салаларда да жоғары бағаланады.
«STEM артықшылығы сол, біздің курстар деректермен жұмыс істеу, математикалық дайындық және талдау дағдыларын қалыптастырады. Сонымен бірге курстардың өзі әртүрлі. Кейбір түлектер қаржы немесе банк секторына кетіп, сауда алгоритмдерімен айналысады. Басқалары зерттеулерді таңдайды немесе жаңа буын технологияларын әзірлейді. Бізде жартылай өткізгіштердің өте ірі институты бар, түлектер жаңа буын чиптері мен басқа да осыған ұқсас технологияларды жасауға барады», — дейді Мэтью Смит.
Бұдан бөлек, аналитикалық база басқару мен экономикада стандартты емес шешімдер табуға мүмкіндік береді.
«Біреулер оқытушы болады. Шынымды айтсам, мамандықтар өте көп, өйткені математика мен талдау сан алуан салада қажет. Мысалы, бухгалтерлік есеппен айналысуға болады. Мұндай дайындық күрделі мәселелерді шешу қабілетін дамытады, ал бұл қасиет көптеген компаниялар үшін құнды. Бизнес-кеңесші болуға да болады. Айталық, зауытқа келіп, өндірісті қалай жеделдетуге болатынын анықтайсыз», — деп атап өтті физик.
Өмірін Әлемді зерттеумен байланыстыруды армандайтындарға маман оқудың кейінгі кезеңдерінде де білім беру бағытын өзгертуден қорықпауға кеңес береді.
«Инженерлік немесе геологиялық сияқты STEM бағыттарының бірінде оқып жатқандарға мамандықты өзгерту үшін кейіннен астрофизика магистрлік бағдарламасына түсуге болатынын ескеруді ұсынар едім... Меніңше, ең бастысы – STEM салаларының бірінде білім алу, деректерді талдау тәжірибесі мен базалық ғылыми дайындықтан өту, осы пәнге шын ықыласпен беріліп, онымен айналыса бастау. Бос уақытта ғарышқа қызығып, ол туралы оқуға болады. Бұл қызығушылықты сақтап, уақыт өте келе сәйкес келетін курстарды таңдаудың жақсы тәсілі», — деп кеңес береді ғалым.
«Студенттерді ЖИ-ге сүйенбеуге үйретудеміз»
Қазіргі оқу процесінде нейрожелілер ерекше орын алады. Алайда бастапқы кезеңде университет цифрлық көмекшілерге қолжетімділікті саналы түрде шектейді.
«Әзірге біз оларсыз жұмыс істеуге тырысамыз. Бізде дайындық курсы, сондықтан студенттердің қажетті дағдыларды өздері меңгергенін қалаймыз. ЖИ өте пайдалы, бірақ оны дұрыс пайдалану үшін негіздерді біліп, оның жауаптарын тексере алу қажет», — деп мойындады оқытушы.
Оның пікірінше, басты қауіп жас маманның алгоритмге сөзсіз сеніп, сыни ойлау қабілетін жоғалтуында жатыр.
«Студенттер болашақта ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдануы үшін олардың оған арқа сүйеп қалуына жол бермеуге тырысамыз. Олардың базалық дайындығы болып, қандай да бір күмәнді жайттарды өздері байқай алуын қалаймыз. Мысалы, егер ЖИ тым үлкен мән шығарып берсе немесе қателік жіберсе... Сонымен қатар көптеген студенттеріміз ЖИ-ді аударма үшін пайдаланады. Бізде техникалық терминдер көп, сондықтан мұндай жағдайларда оның көмегіне жүгінгендеріне өте түсіністікпен қараймын», — деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
«Бұған үш себеп бар»
Мемлекеттің ғарышты зерттеуге қаржы бөлуінің орындылығы туралы сұраққа жауап бере отырып, Мэтью Смит үш негізгі факторды атап өтті.
«Жақсы сұрақ. Менен мемлекеттердің астрономия саласындағы зерттеулерді не үшін қаржыландыруы керектігін жиі сұрайды. Бұған үш себеп бар... Біріншісі – қарапайым қызығушылық. Біз Әлемде не болып жатқанын, оның неліктен дәл осылай құрылғанын және табиғат заңдары немен айқындалатынын түсінгіміз келеді. Астрофизика бұл үшін бірегей мүмкіндіктер береді. Ғарышта ауқым өте үлкен, ал заттың тығыздығы өте төмен, сондықтан біз зертханада зерттеуге әрдайым келе бермейтін сұрақтарға жауап таба аламыз», — деп ой бөлісті ғалым.
Екінші аспект білім беру және әлеуметтік сипатқа ие: астрономия өскелең ұрпақ үшін қуатты қозғаушы күш қызметін атқарады.
«Екінші себеп – ғарыш көптеген адамға шабыт береді. Балалар жұлдыздарды, ғаламшарларды, галактикалардың суреттерін көргісі келеді. Біз мектептер мен университеттерде ағартушылық іс-шараларды жиі өткіземіз... Біз адамдарды үйреншікті дүниелерге басқаша қарауға, ғылым мен ғарыш туралы ойлануға, оларға қызығуға шақырамыз. Балалар өскенде университетке жаратылыстану мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Олардың бірі физик болады, бірі басқа ғылымдармен немесе инженерлік іспен айналысады. Нәтижесінде елде сұранысқа ие дағдылары бар мамандар көбейеді», — деп сенеді зерттеуші.
«Технологияларды басқа салаларға көшіру»
Соңында, үшінші дәлел – бұл практикалық қайтарым: жұлдыздарды бақылау үшін жасалған технологиялар жер бетіндегі өндірісті үнемі жаңғыртып отырады.
«Үшінші себеп – технологияларды басқа салаларға көшіру. Бізге, астрономдарға аса сезімтал камералар мен басқа да аспаптар қажет. Осы жылдар ішінде мұндай қажеттіліктер астрономия шеңберінен тыс қолданыс тапқан көптеген жаңа әзірлемелердің пайда болуына әкелді», — деп атап өтті Мэтью Смит.
Классикалық мысал ретінде ғалым қазіргі смартфондардың CCD-матрицаларын және тұжырымдамасын алғаш рет Аустралия астрономдары жасаған Wi-Fi сымсыз желілерін еске салды. Бүгінде осындай қолданбалы әзірлемелер Астанадағы жоғары оқу орнында да жүргізіліп жатыр.
«Біздің университетте, мысалы, әлдеқайда ұзын толқындармен жұмыс істейді. Онда әуежайларға арналған сканерлердің жаңа буынын жасауға тырысып жатыр. Қалыпты сканерде сіз қозғалмай тұрасыз, ал құрылғы айналаңызда қозғалып, сізге терагерцтік сәуле бағыттайды. Бұл зиянсыз, бірақ бір орында тұру керек. Қазір біздің университетте адамға сәуле бағыттауды қажет етпейтін құрал бар. Ол пассивті режимде жұмыс істейді және дененің өз жылуын ұстайды. Мәселен, камераны дәлізге бағыттауға болады. Адамдар оның бойымен жүріп келе жатқанда, ол қалталарында пышақ немесе тапанша сияқты заттардың бар-жоғын автоматты түрде тексере алады», — дейді физик.
«Астрономиядағы көптеген технологиялар басқа салаларда қолданыс тауып келеді. Оған қаржы салуға тұрарлық үш себеп – міне, осылар», — деп қорытындылады Мэтью Смит.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.