26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Ұйымдар мен кәсіпорындарға қазақ руларының атын беруге қалай шектеу қойылмақ

Қазақстанда заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктердің атауында қазақ рулары мен жүздерінің атауын пайдалануға заң жүзінде тосқауыл қою ұсынылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz отандық БАҚ деректеріне сілтеме жасап.

Ұйымдар мен кәсіпорындарға қазақ руларының атын беруге қалай шектеу қойылмақ
Фото: Сурет: Aikyn.kz

Қазақстанда заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктердің атауында қазақ рулары мен жүздерінің атауын пайдалануға заң жүзінде тосқауыл қою ұсынылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz және Tengrinews.kz басылымдарына сілтеме жасап. Бастаманы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аят Сүгірбай көтеріп, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа сауал жолдады.

Депутаттың мәліметінше, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасында қазақ руларының атауын иеленген 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың негізгі бөлігі 1996–2005 жылдар аралығында құрылған. Спикердің айтуынша, шаруа қожалықтары мен фирмаларға ру атын беру қоғамда рушылдық түсінікті қайта жаңғыртып, жікке бөлінуге алғышарт қалыптастыруы мүмкін.

«Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес», — деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ депутат белгілі бір ру атауы берілген кәсіпорын сынға ұшыраған жағдайда, ол теріс пікір сол рудың өзге де өкілдеріне таралып, араздыққа ұласуы ықтимал екенін атап өтті. Салалық мәселелер мен мемлекеттік саясатта әділ бәсеке сақталуы тиіс екені айтылды.

«Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде жершілдікке, жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс. Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады», — деп көрсетті Аят Сүгірбай.

Өз кезегінде тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев рулық жүйені бүгінгі қоғамдық-саяси өмірдің тетігі емес, тарихи құбылыс ретінде бағалау қажеттігін түсіндірді. Ғалымның айтуынша, ерте кезеңде әкімшілік қызмет атқарған рулық құрылым қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіне сәйкес келмейді әрі оны мемлекеттік қызметте немесе қоғамдық институттарда негізгі өлшем етуге болмайды.

Қолданыстағы заңнамада ұйымдарға ру мен жүз атын беруге тікелей тыйым салатын норма жоқ. Осыған байланысты Аят Сүгірбай «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ өзге де нормативтік-құқықтық актілерге шектеу енгізу тетігін қарастыруды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.