26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Ұлттық ұлан 102 жасқа толған соғыс ардагерін құттықтады

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Скаленконы 102 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Ұлттық ұлан 102 жасқа толған соғыс ардагерін құттықтады
Фото: Turkystan.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері 102 жасқа толған Ұлы Отан соғысының майдангері Вениамин Скаленконың шаңырағына барып, мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz және Kazinform басылымдарына сілтеме жасап. Мерейтой иесі мен оның жұбайы, тыл еңбеккері Ксения Скаленкоға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан арнайы сыйлық табысталды. 98-гвардиялық Свирск әуе-десант дивизиясында радиотелеграфшы болып қызмет еткен Вениамин Пантелеевич Карел майданынан Чехословакияға дейінгі жауынгерлік жолды жүріп өтіп, Беларусь, Польша, Венгрия және Австрия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысқан. Майдан даласындағы соғыс қимылдарын 1945 жылғы 12 мамырда аяқтаған ардагер Свирь өзенінен өту кезіндегі ерлігі мен байланысты үздіксіз қамтамасыз еткені үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді. Майдангер мен Ксения Скаленконың отау құрғанына биыл 77 жыл толып отыр. Басқосу кезінде қария: «Соғыс туралы жадымда көптеген ауыр естеліктер сақталған. Біз Отан үшін шайқастық, бейбіт күннің келетініне сендік. Бүгінде жастардың өз елінің тарихын біліп, соғыс қажытқан жандардың ерлігін ұмытпай, бейбітшілікті бағалағаны аса маңызды», – деп тебірене еске алды, ал әскерилер жеңімпаз ұрпақтың өнегелі жолын әрдайым қастерлейтіндерін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.