Теңелбай цифрлық алаяқтардан қорғайтын платформа әзірледі
Маңғыстаулық оқушы Теңелбай Ақбөбек балалар мен ересектерді интернеттегі алаяқтардан сақтандыратын ONLINE SAFE платформасын жасап шықты. Бұл туралы NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстаулық мектеп оқушысы Теңелбай Ақбөбек балалар мен ересектерді интернеттегі алаяқтардан қорғауға арналған ONLINE SAFE платформасын іске қосты. Жоба тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды NewsAsia.kz Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарақия ауданындағы №5 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы дайындаған бұл сайт күмәнді әрекеттерді тануға, жеке деректерді қорғауға және қауіп кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеді. Жүйеге барлығы 15 интерактивті жағдаят енгізілген әрі олар үш жас санатына бөлінген.
Орта буын оқушылары үшін ойын аккаунтының құпиясөзін сақтау, күмәнді сілтемелер мен кибербуллинг тақырыбы қарастырылған. Жоғары сыныптағыларға жалған жұмыс пен шәкіртақы туралы хабарламалар, сондай-ақ интернет-саудадағы айла-тәсілдер түсіндіріледі. Ересектерге арналған бөлімде банк атынан қоңырау шалу, SMS-код сұрау және жалған айыппұл сияқты жиі кездесетін қауіптер талданған.
Платформа қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Мұнда оқу материалдары, тестілер, мәтін мен сілтемені тексеретін құралдар және дыбыстау мүмкіндігі бар. Автор заңдағы нормаларды өмірлік мысалдармен қарапайым тілде жеткізген. Жобаны сынақтан өткізу үшін орта буын мен жоғары сыныптан 15 оқушыдан және 20 ересек адамнан тұратын топқа 10 сұрақтан тұратын сауалнама жүргізілген.
Бұл платформа желіде ақшаңыздан немесе жеке аккаунтыңыздан айырылып қалмау үшін таптырмас көмекші. Оны мектептегі сынып сағаттарында немесе ата-аналар жиналысында қолдануға болады, ал сайтқа QR-код арқылы оп-оңай өтуге мүмкіндік бар.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.