Темербаева университеттерде IT мамандарын оқыту талабын өзгертуді ұсынды
Депутат Айжан Темербаева жоғары оқу орындарында IT мамандарын даярлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат Айжан Темербаева жоғары оқу орындарында IT мамандарын даярлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың мәліметінше, қазір елімізде 83 жоғары оқу орны 517 бағдарлама бойынша IT мамандарын оқытады. 2025–2026 оқу жылына осы салаға 11 585 мемлекеттік грант берілген. Алайда ресми стандарттар түлектердің нарықта сұранысқа ие болуына кепілдік бермей отыр.
Негізгі мәселе оқытушыларға қойылатын қатаң ережеде болып тұр. Қазір сабақ беретіндерден ғылыми дәреже талап етіледі де, өндірістен келген тәжірибелі мамандардың үлесі небәрі 10 пайызбен шектеледі.
«Қолданыстағы талаптар IT-индустрияның тәжірибелі мамандарын оқытушылық қызметке тартуға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені бағдарламашылар, жүйелік архитекторлар, DevOps, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласының білікті мамандарының көпшілігінде ғылыми дәреже жоқ», – деді депутат.
Темербаева Tech Orda арқылы 12,5 мың адам оқып, олардың 90 пайызы жұмыс тапқанын мысалға келтірді. Оның пікірінше, мемлекет алдымен жоғары оқу орнына ақша бөліп, артынан түлектердің білімін толықтыру үшін қосымша курстарға қайта қаржы шығындамауы керек. Сондықтан университеттерге IT-компаниялардың тәжірибелі практиктерін тартып, оқытушылардың ғылыми атағына емес, нақты жұмыс өтілі мен кәсіби сертификатына мән беретін уақыт жетті.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.