Тағашов пен заңгерлер жеңілдікпен алынған тауарды дүкенге қайтару жолын түсіндірді
Жеңілдікпен сатылған затты кері өткізуге болмайды деген түсінік қате. Тұтынушылар арзан бағамен алған тауарын да 14 күнде қайтара алады, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жеңілдік науқаны кезінде арзанға түскен затты қайтаруға немесе айырбастауға толық негіз бар. Сатушының «акциямен алынған тауар қайтарылмайды» деген сөзі заңсыз, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашовтың мәліметінше, сатып алынған зат өлшемі, түсі немесе пішіні жағынан ұнамаса, оны 14 күн ішінде ауыстыруға құқығыңыз бар. Егер дүкенде басқа баламасы табылмаса, ақшаны толық талап етуге болады. Ең бастысы — тауар пайдаланылмаған, жапсырмалары бүлінбеген және бастапқы күйінде сақталуы тиіс. Сондай-ақ екі апталық мерзім төлем жасалған күннен емес, тапсырыс қолға тиген күннен бастап жүреді.
«Мысалы, сіз Алматыдан тауарға тапсырыс беріп, оны Астанада алсаңыз, жеткізуге кеткен уақыт бұл мерзімге кірмейді. Егер тауар көңіліңізден шықпаса, пайдаланылмаған және тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда, оны кері қайтаруға құқығыңыз бар», – деді ол.
Заңгер Ғалым Байғазыұлы сатушы қарсылық білдірсе, алдымен дүкенге жазбаша шағым беру керектігін ескертеді. Олар 10 күнде жауап қайтаруға міндетті, әйтпесе мәселе сотқа дейін жетеді.
«Қазақстан Республикасының “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңының 14-бабына сәйкес, тұтынушы сапалы азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күн ішінде айырбастауға құқылы. Егер айырбастайтын балама тауар болмаса, ақшасын қайтаруды талап ете алады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 5-бөлігіне сәйкес, сатушы тұтынушының заңды талабын орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп түсіндірді заңгер.
Ескеретін жалғыз жайт: егер дүкен тауарды нақты ақауына бола арзандатып, ол туралы алдын ала ескертсе, дәл сол себеппен затты қайтара алмайсыз. Қалған жағдайда өз құқығыңызды қорғау үшін сатып алу түбіртегін тастамаған абзал.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.