СҚО-да қауіпті бактерия анықталған 75 келі ет өртелді
Солтүстік Қазақстан облысында адам денсаулығына қауіпті бактерия табылған 75 келі мұздатылған ет өртелді, деп хабарлайды NewsAsia.kz қазақстандық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін 75 келі мұздатылған ет өртеліп жойылды, деп хабарлайды NewsAsia.kz қазақстандық БАҚ-қа сілтеме жасап. Тұтынушылардың құқығын қорғауға және өнімдердің сапасын тексеруге арналған «Сапалы өнім» республикалық жобасы шеңберінде сауда нарығына жүргізілген бақылау кезінде Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден мұздатылған ет өнімінің сынамасы алынды. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық жүргізген зертханалық сараптама ет құрамынан адам өміріне зиян келтіруі мүмкін Listeria monocytogenes бактериясын анықтады. Аталған фактіге байланысты ветеринариялық қадағалау инспекциясының, ветеринариялық қызметтің өкілдері мен тауар иесі кірген арнайы комиссия 75 келі мұздатылған етті арнайы пешке салып, өртеу арқылы көзін жойды. Осы оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов: «Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің жүргізген жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бірақ кәсіпкерлер де сататын тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуге тиіс», — деп атап өтті.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.