Сапардан бас тартқан жағдайда «қайтарылмайтын тур» үшін ақшаны қалай қайтаруға болады
Елорда тұрғыны құзырлы органдарға жүгінген соң, Антальяға бармай қалған сапары үшін 690 мың теңгеден астам қаражатын толықтай қайтарып алды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.

Елорда тұрғыны құзырлы органдарға жүгінген соң, Антальяға бармай қалған сапары үшін 690 мың теңгеден астам қаражатын толықтай қайтарып алды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Бейінді ведомствоның хабарлауынша, астаналық азамат кәсіпкерге туристік жолдама үшін 690 831 теңге төлеген, алайда тараптар арасында қызмет көрсету туралы жазбаша шарт жасалмаған. Төлем жасалған күні азамат сапардан бас тартуға шешім қабылдап, қаражатты қайтаруды талап еткен, бірақ брондау талаптарына сілтеме жасаған кәсіпкерден бас тарту жауабын алған.
«Алайда «қайтарылмайтын тур» шартына сілтеме жасай отырып, оған ақшаны қайтарудан бас тартылды. Бұл ретте кәсіпкер тұтынушыға нақты шеккен шығындарын растайтын құжаттарды ұсына алмады. Сонымен қатар, өтініш иесінің жолдаған наразылық хатына жазбаша жауап берілмеген», — деп атап өтті комитеттегілер.
Өтініш түскеннен кейін Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары кәсіпкерлік субъектісімен қолданыстағы заңнама нормаларына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттеліп, клиентке төленген сома толық көлемде қайтарылды.
Сондай-ақ ведомство туристік өнімдерді сатып алатын азаматтарға құқықтық кеңестер беріп, жазбаша келісім жасасудың міндеттілігін атап көрсетті.
«Туристік өнімді сатып алу кезінде міндетті түрде туристік қызмет көрсетуге арналған жазбаша шарттың жасалуын талап етіңіздер. Онда сапар шарттары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, қызметтердің құны және шартты бұзу тәртібі нақты жазылуы тиіс. «Қайтарылмайтын тур» туралы талаптың өзі тұтынушының заңда көзделген сапар басталғанға дейін одан бас тарту құқығынан айырмайды. Бұл ретте орындаушы, егер олар құжат жүзінде расталған болса, өзі шеккен нақты шығындарды ұстап қалуға құқылы», — деп нақтылады уәкілетті орган өкілдері.
Бұған дейін бейінді мамандар заңды мүдделер бұзылған және сотқа дейінгі талап-арызға жауап болмаған жағдайда, азаматтар e-Otinish мемлекеттік платформасы арқылы аумақтық департаменттерге ресми шағым жолдауға құқылы екенін еске салған болатын.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.