Қажылық-2027: қазақстандықтар қасиетті сапарға кемі 3 млн теңге дайындауы керек
2027 жылы Қазақстаннан 4 300 адам қажылыққа бара алады. Орындар шектеулі, ал турлардың бағасы 6 500 доллардан басталады.

2027 жылы Қазақстаннан 4 300 адам Меккеге үлкен қажылыққа бара алады, қасиетті сапарға тіркеу басталып та кетті, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап. Үлкен қажылық рәсімдері 14-19 мамыр аралығына жоспарланған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, келесі маусымда азаматтарды төрт компания ғана апарады. Олар: «Атлас Туризм», «Нұрхан Тревел», «Тауаф Тревел» және «Хикмет Тревел». Қажыларды тіркейтін бірыңғай ортақ жүйе жоқ, сол себепті ниет білдіргендер осы туроператорларға тікелей өздері хабарласуы керек.
Сапардың ең қолжетімді бағасы 6 500 доллардан (шамамен 3 миллион теңге) басталады. Орташа баға – 7 500 доллар, ал премиум пакеттер 30 000 долларға дейін барады. Кейбір фирмалар орынды алдын ала брондау үшін 500–1000 доллар сұрайды. Қажылар үшін Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларынан арнайы ұшақтар ұшады.
Тіркелу үшін әзірге шетелдік паспорт пен фотосурет жеткілікті. Ең басты талап – паспорттың мерзімі Сауд Арабиясына баратын күннен бастап кемінде алты ай жарамды болуы шарт. Кейін медициналық анықтамалар мен екпелер де сұралады.
Еске салсақ, өткен маусымдарда мұндай сапарларды ұйымдастыруға 14 компанияға рұқсат берілген еді. Сондықтан тур таңдағанда фирманың ҚМДБ тізімінде бар-жоғын мұқият тексеріп, ақшаны тек ресми есепшотқа аударған дұрыс.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.