27 қараша 2026 Астана 0° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Қан тамыры дертіне шалдыққан балалар енді шетелге бармай, өз елімізде емделеді

Қазақстанда қан тамырларында ауыр ақауы бар балаларға ота жасаудың тың әдісі енгізіліп, алғашқы сегіз науқасқа көмек көрсетілді.

Қан тамыры дертіне шалдыққан балалар енді шетелге бармай, өз елімізде емделеді
Фото: Aikyn.kz

Қазақстанда бұрын тек шетелде жасалып келген күрделі оталар енді балаларға өз елімізде қолжетімді болмақ, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алғашқы сегіз бүлдіршінге жаңа әдіспен сәтті ота жасалды. Мұнда италиялық Cliniporator Vitae қондырғысы орнатылып, Германиядан келген профессордың жетекшілігімен отандық төрт дәрігер арнайы дайындықтан өткен. Жаңа технология — электропорациямен склеротерапия — дәріні қысқа электр тогымен бірге жіберіп, баланың ағзасына артық ауыртпалық салмай емдеуге көмектеседі.

Педиатрия орталығының басшысы Абай Құсайынов бұл бастаманың маңызы зор екенін айтады:

“Қазір орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы дайындықтан өткендіктен, күрделі тамыр мальформациясы бар балаларға диагностикадан бастап сауығу кезеңіне дейінгі барлық кезеңде өз күшімізбен медициналық көмек көрсете аламыз”, – деді ол.

Енді клиника жыл сайын 50-ге жуық баланы қабылдап, 100-ге дейін емшара жасай алады. Құны 117,6 миллион теңге болатын бұл жобаны Almaty Marathon қатысушыларының жарнасы есебінен «Бірінші болу – батылдық» және AYALA қорлары қаржыландырған.

Еске салсақ, елімізде жыл сайын 40-тан астам нәресте осындай дертпен өмірге келеді. Бұрын ата-аналар балаларын шетелге апаруға мәжбүр болып, мемлекет оған жүздеген миллион теңге бөлгенімен, орын саны шектеулі еді. Енді қазақстандық отбасыларға ем іздеп алысқа сабылмай, туған жерінде заманауи көмек алуға жол ашылды.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.