Девришева шетелге шығуға тыйым салынатын қарыз мөлшерін атады
Қазақстанда берешегі 173 мың теңгеден асқан азаматтардың шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы NewsAsia.kz El.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда берешегі 173 мың теңгеден асқан азаматтардың шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы NewsAsia.kz El.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заң кеңесшісі Эльмира Девришеваның Tengri Travel басылымына түсіндіруінше, елден шығуға тыйым салу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң аясында атқарылады. Жалпы ережеге сәйкес, қарыз сомасы 40 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) жетсе, шектеу қойылуы мүмкін. 2026 жылы бұл меже 173 мың теңгеге тең. Ал алимент төлемегендер үшін мерзім маңызды: борышкер үш айдан астам уақыт бойы ақша аудармаса, сыртқа шыға алмай қалуы ықтимал.
Мұндай тыйым банк несиесіне ғана емес, төленбеген әкімшілік айыппұлдарға, салыққа, коммуналдық қызмет берешегіне және сот актісімен бекітілген басқа да қарыздарға қатысты. Алайда берешектің болуы шекара бірден жабылады деген сөз емес. Ол үшін сот орындаушысы арнайы қаулы шығарып, оны сот бекітуі керек.
Өзіңізде шектеудің бар-жоғын eGov порталы, Әділет министрлігінің сервистері немесе кейбір банк қосымшалары арқылы алдын ала тексеруге болады. Ұшаққа отырар алдында әуежайда қарызды өтей салу мәселені лезде шешпейді. Себебі деректер базасынан тыйымды алып тастау үшін уақыт пен сот орындаушысының шешімі қажет.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.