26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Декреттегі табыс: Астанада көпбалалы аналар қолөнерін қалай бизнеске айналдырғанын көрсетті

Астанада өткен UMAI форумында кәсіпкер аналар декретте отырып табыс табудың құпиясын бөлісті, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап.

Декреттегі табыс: Астанада көпбалалы аналар қолөнерін қалай бизнеске айналдырғанын көрсетті
Фото: Сурет: El.kz

Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің X мерейтойлық UMAI форумы аясында «Анамның қолымен жасалған» жәрмеңкесі өтіп, оған 50 қолөнерші ана қатысты, деп хабарлайды NewsAsia.kz El.kz сайтына сілтеме жасап. Олардың көбі кәсібін бала күтімімен үйде отырған кезде бастаған.

Солардың бірі — Сыр өңірінен елордаға көшіп келген бес баланың анасы Гүлмира Нұрдәулетқызы. 12 жыл мектепте ағылшын тілінен сабақ берген ол декретте ұлттық нақыштағы авторлық керамика мен әшекей жасауды қолға алып, отбасылық бюджетке нақты көмек көрсетіп келеді.

“Жастайымнан қазақы нақыштағы әшекейлерді қатты ұнататынмын. Декретте отырған кезде немен айналысуға болатынын ойлана бастадым. Содан өзіме ұнайтын іспен айналысуды жөн көріп, қазақы нақыштағы әшекейлер жасауды таңдадым”, – дейді қолөнерші.

Ал бұрын салық саласында есепші болып істеген Гүлбаршын Бостанқызы он жылдан бері бас киім тоқумен айналысады. Оның тоқыған бұйымдары 8 мыңнан 25 мың теңгеге дейін бағаланады. Мысалы, қолдан тоқылған панама 20 мың, ал құлақшындар 16 мың теңге тұрады. Негізгі табыс күз бен көктем аралығында түседі.

“Біз көп күш-жігерімізді өнім жасауға жұмсаймыз. Бірақ оны бәрі бірдей сата алмайды. Сондықтан әлеуметтік желілерді пайдалануды, өнімді таныстыруды және сатуды үйрену керек. Жәрмеңкелерге де қатысқан жөн. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру”, – дейді Гүлбаршын Бостанқызы.

Кәсіпкер аналардың айтуынша, баланы өсіре жүріп сүйікті істі табыс көзіне айналдыру үшін уақытты дұрыс бөліп, сатуды да қатар үйрену маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.