26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Аян Тұрсын қатаң сынақтан өтіп, күрең берет алған алғашқы әскери әйел атанды

Арнайы операциялар күштерінің қызметшісі Аян Тұрсын Қазақстан тарихында алғаш рет күрең беретке ие болды. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аян Тұрсын қатаң сынақтан өтіп, күрең берет алған алғашқы әскери әйел атанды
Фото: Сурет: Stan.kz

Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Аян Тұрсын күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, Қазақстан тарихында күрең берет алған тұңғыш әйел атанды. Бұл туралы NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Оған беретті кию құқығын беру туралы бұйрыққа Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қол қойды.

Күрең берет шенге немесе жұмыс өтіліне бола берілмейді. Оған тек арнайы іріктеуден өткен мамандар ғана лайық деп танылады, ал кәсіби білігін жоғалтқандар беретінен айырылып қалуы мүмкін. Биыл бұл сынаққа 170 үміткер қатысты. Олар таулы жерде әрекет ету, алғашқы көмек көрсету, радиобайланыс, инженерлік дайындық, дрон басқару және нысана көздеуден емтихан тапсырған. Сынақтың ең қиын тұсы — арнайы тапсырмаларды орындай отырып 30 шақырымды еңсеру және соңғы кезеңдегі қоян-қолтық ұрыс болды.

Аян Тұрсын өз парақшасында бұл жетістігін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік деп бағалап, беретті “Отанға адалдықтың, қайсарлықтың, тәртіп пен абыройдың символы”, – деп атады.

Әскери қызметші спортта да танымал: ол қоян-қолтық ұрыс, панкратион, ММА және жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, XIX Азия ойындарының қола жүлдегері. 2025 жылы Түркияның Бурсасында әлем чемпионатының күмісін иеленсе, 2026 жылдың көктемінде 53 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атанған.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2026 турнирінде үздік шыққан «Томирис» әйелдер арнайы жасағын марапаттап, олардың шеберлігін жоғары бағалаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.